Асық – үлкен халықтық тәрбие - на weekend.bugin.kz
Динара Орынбекқызы - на weekend.bugin.kz Динара Орынбекқызы

Асық ойнаған азар түбінде озарына сенесіз бе?

Қалтасына асықтарын толтырып, көше бойында ойнаған балалардың өзі бір ғажап дүние екен-ау. Тізілген асықтарды атқылаған бүлдіршіндердің айқай-шуын сағынатын болыппын. Асығын бояп, қорғасын құйып, ләңгісін әрлеп жатқан балалар әуресі бірер жылдардан кейін көзден ғайып болатындай қорқамын. «Таста анау асығыңды, кір үйге» деп айқай салып жатқан ананың дауысын да естімегелі көп болыпты. 

Бауыржан Момышұлы «Асық – үлкен халықтық тәрбие» деп баға беруінің өзі асықтың жан-жақты пайдасының бар екенін байқауға болады. 

Асық ойындары ұлттық ойындар ішіндегі ең көнесі. Асық ойнаған бала мен асық жинаған аталардың сиреп кеткені шындық. Бүгінгі заман – өркендеу кезеңі. Тың құрылғылар мен бала көңілін аулайтын ойыншықтар жарық көруде. 

Дүние жүзі медицина мамандары компьютерде көп отырған баланың есте сақтау қабілетінің төмендеп, омыртқа ауруына, шаш түсу, күйзеліске ұшырау аллергиялық ауруларға бой алдырғыш, қан айналысы, ас қорытуы, зат алмасуы бұзылады және басқа да көптеген ауруларға себеп болатынын ескертеді.

Ал біле-білгенге асық ойынының баланы дамытудағы алар орны ерен екен. Асық ойыны, баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері де мол. Ойын барысында: жүгіру, жүру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату жатады. Мысалы, сақаны қолға алып, бір аяққа тұрып, бір аяқты серпіп қалып асық атқанда, он екі мүше түгел созылады екен. Бұл – буын ауруларына қарсы жаттығудың түрі. Екіншіден, күллі жүйке, тамыр ауруларынан құтыласыз. 

Жүгіріп те аласыз, отырып-тұрасыз, көздейсіз, атасыз. Бір асық ойынының бойында спорттың барлық түрі сыйып тұр. Мергендікпен қатар, баланың ептілігі, шапшаңдығы, табандылығы және қырағылығы жетіледі. Көздің көру қабілетін арттырады. Асықты нысанаға алғанда қан тамырларының жұмысы жақсарады. Ал қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, ми тынығады.

Асықтың атаулары:

Алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы. Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы. Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі. Шіге – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі. Омпы – асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы. Шоңқай – асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуі.

Ал асықтың басқа да түрлері жайлы белгілі журналист Айқын Жаппар бір мақаласында: « Көптеген түрлері ұмытылып, мүлде ойналмайды. Ережелері де сол күйі сақталмаған. Себебі қазір ауылда болмаса, қалада балалар асық ойнамайды. Асық ойнаудың өзіндік техникалары да сақталып келе жатқан жоқ. Қала балалары асықты иіріп, шиіріп атуды білмейді. Тас лақтырғандай атып жібереді. Ал бір аяғыңды жерге тіреп, иіліп, созылып тұрып, екінші аяғыңмен ауаны сілкіп қалып асық ату да сақаңның қандай қарқынды және пәрменді болатындығын қала балаларына түсіндіріп жатқан жан бар ма? Асық атудың осы бір техникасы боулинг шарын дұрыс лақтыру тәсіліне ұқсастау. Осылай талдай берсек, асық ойынының, асық атудың көптеген спорт түрлерінің өзіндік техникасына сәйкес келетіндігін байқауға болады», – деген болатын. 

Балаңыздың бос ойын ойнап тозғанын көргенше, асық ойнап озғанын көру ғанибет.

1 Пікір Кіру
  • Бағжан Сайынова 05 Сәуір, 2019

    Мал шаруашылығымен ертеден айналысып келе жатқан халқымыздың дәстүрлі ең көне ұлттық ойындарының қатарына "асық" ойыны жатады. Баланың өсіп-жетілуіне, физиологиясына үлкен сеп болады. Әсіресе, көз ұтқырлығы мен дәлдігін, ойлау қабілетін дамытуда маңызы орасан. Ұлттық ойындар - ұлттық тәрбиенің көзі, рухани құндылықтарға баулитын негізгі құралға айналуы қажет. Сол себептен де, оны насихаттау аса маңызды. Ары қарай жазарың таусылмасын, қаламың ұштала берсін.