Қазақ мифологиясына тыңнан сүрлеу салған - на weekend.bugin.kz
Ақжол Әбибуллаев - на weekend.bugin.kz Ақжол Әбибуллаев

Мифология

«Серікбол Қондыбай - азғантай жылдарда, қиыр шалғайда жатып, қазіргі біздің бүкіл планеталық гуманитарияда ешкім тәуекел ете қоймаған тақырыптарға барып отыр».

Әбіш Кекілбаев

Бүгінде «Серікбол Қондыбай», «қазақ мифология»  ұғымдары егіз ұғымдай көрінеді маған. Жоғарыда Әбіш Кекілбайұлы атап өткендей, санаулы уақытта, «бүкіл» планеталық гуманитарияда өз есімін қашап жазып, адамзат баласына жол сілтер еңбектері қазіргі ұрпақтың көз алдында. 27 жасында тағдырдың тәлкегіне тап болып, арбаға таңылып, біржола отыруға мәжбүр болды.  Тоғыз жыл өмірін арбада отырып, айшылық жерден сұратып алдырған кітаптарды оқып, зерделеп, өлшеулі өмірін ғылымға арнады.

«Арғы қазақ мифологиясына» ден қойып, қазақ мифология ғылымына «арбада отырып-ақ» феномендық үлес қосты.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданының іргелі білім ордаларының бірі «Құрық орта мектеп-гимназиясында» қазақ мифологиясына тыңнан сүрлеу салған дара тұлға Серікбол Қондыбайұлының құрметіне «Серікболтану» кабинеті ашылды. Арнайы ұйымдастырылған шараға Серікбол Қондыбайұлының апасы Балсұлу Қондыбай мен өңіріміздің «Серікболтанушы» ғалымы, Мұрат Ақмырзаев келіп, ашылуына қатысты.

Қазақ Ұлттық университетін географ-геоморфолог мамандығы бойынша бітірген Серікбол Қондыбай алдымен мектепте ұстаз болып, кейін Маңғыстаудың мұражай, қорығында, өңірдің экология және биоресурстар басқармасында жұмысын жалғастырды. Осы жылдары туризм, ландшафт эстетикасы тақырыптарына, шежіре, аңыздар мен ертегілерге, жер-су атаулары мен оларға қатысты аңыздарға, деректерге, сондай-ақ әрбір сөз бен ұғымның этимологиясына қызығып, өз бетінше зерттеу жұмыстарын бастады.

– Серікболдың мүгедек арбасына отыруы менің жұмысымды, жауапкершілігімді арттырды. Ол іздеген, сұраған кітаптарды іздеп, ел асып-жер асып тыным таппайтын едім. Әзер дегенде тауып әкелген бірқатар кітаптарымды бетін ашып қарап, мынау өзгертілген деп, жауып тастайтын. Кейін бауырым өмірден өткен соң, оның мұраларын жинақтап, көздің қарашығындай сақтау менің міндетім болып қалды, – дейді апасы Балсұлу Қондыбай.

Сондай-ақ жиын барысында  өлкеміздің белді ғалымы, «Серікболтанушы» Мұрат Мырзағалиұлы Серікболдың ғылыми негіздегі феномендік болжамадарын оқушыларға, келген қонақтарға әсерлі етіп талдап берді. Жиын оқушылардың сұрақ-жауаптарына ұласып, оларға ғалым және апасы Балсұлу Қондыбайқызы тарапынан толыққанды жауаптар берілді.

0 Пікір Кіру