Сал торы күйі жайлы - на weekend.bugin.kz
Нұрғайып Хавсаметұлы - на weekend.bugin.kz Нұрғайып Хавсаметұлы

Эссе

Ауылымыздың үстінен жол жүріп бара жатқан қария, нағашымның үйіне құдайы қонақ болып енді. Ақылдың кені қариялар жиналған жерде  ауылдың балалары айнал соқтап жүруі заңды құбылыс емес пе? 

Сол күні мен де қариялардың әңгімесін тыңдау үшін үйдің маңайын торуылдаумен болдым. Қыңыр жеңгеміз бес метр аулағын айтып үйдің маңына жолатқысы жоқ. Қайдам дастарханға салған қытайдың жабысқақ тәтті-тәспегіне ортақ болады дей ме екен. Бірақ мендегі ынтызар – тәттісі емес, қариялардың бал татыған сөздері еді.

Күн кереге тасты кеміре бастаса, қораның желкесіне іңір аялдайтын. Бұл менің ең сүйсініп қарайтын шағым еді ғой. Құдық басындағы түйе жон тастың төбесіне шығып қызықтап отырмын, бірақ етектегі ақ шаңқа үйлерге көз тігіп қоям әредік. Себебі тезек қымтап жүрген жеңгейдің отау үйге кетуін күтіп отыр едім.

Көп күтірмей жеңгей де кетті отауға. Кәнігіп алған барымташыдай мен де баспалап нағашы үйіне зып еттім.

Өзім ата мейрімін көрмедім. Сондықтан болар, саптама киген шалдарды көрсем атамды сағынам да тұрам. Кейде келген қонақтар  басымнан сыйпап "Әй, паленше мына бала атасының аузынан түсіп қалыпты ғой" – деп марқайтып кететін.

Атасын сағынған маған үлкен демеу еді аталар сөзі.

Үйге кірсем бірден, әлсіз жанған шам есік жапқанда шалқып барып сөніп қалды. 

Қонағы бар, үй иесі бар, бәрі үркен қояндай маған қарап "Тілуің құрғыр сен бе?" – десе, енді біреу "Бері кел!" – деп қасынан орын беріп жамбасына тартып  қояды. 

Бағанадан айтылып отырған әңгімелері мезгілсіз келген ажалдай үзіліп кетті.  Әңгіме арнасын халық арасында жүрген қазақтың әні мен күйіне бұрды.

Жерден жеті қоян тапқандай қуанып мен отырмын, тануымды қайта-қайта тартып.

– Жәке! – деді нағашым. Осы сен "Сал торыны" тартып бір құйқылжытшы, – деп кәрі домбыраны қолына ұстаты.

Домбыраның көгін дала күйінің ырғағына келтіріп көктеп ап қос ішекті безілдетті.  Бірде Ховданың толқындарындай адуындаса, бірде тау суындай сылдырлап кетті.

Кейде тіпті жоңғардың басын алған қас батырдай қатқыл шықса, сәлден соң қой торыдай аяңдай қалады.

Міне,  бұл менің бала кезімде естіген бір сарын. Осы сарын, осы әуен әлі құлағымда күмбірлеп тұрғандай сеземін. Сол күй, сол қарттармен кетпеген шығар бақиға. Ел іші халықтың кені емес пе, қазір де білетін жандар бар шығар.

Дала мектебі тәлімінің мықтылығын-ай деп таңдай қағасың...

0 Пікір Кіру