«Каникулы off-line» бір аптада миллион доллар тапты - на weekend.bugin.kz
patick - на weekend.bugin.kz patick

«Каникулы off-line» – қырғыз режиссері Руслан Акун түсірген отбасылық комедия

21 наурызда прокатқа шыққан «Каникулы off-line» / «Оффлайн каникул» отбасылық комедиясы осы наурыз айындағы ең танымал отандық картиналардың біріне айналды.

Әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлерге сенсек, фильмді бірнеше рет көріп үлгергендер де бар екен. Бұндай жағдайдың да жөні бар – өйткені Қазақстан киносында балаларға арналған фильмдер өте аз. Ал «Каникулы off-line» – отбасыңмен бірге көруге болатын, зілсіз әзілі мен қанық кадрлары бар, астарлы ойы бар картиналардың бірі.

Продюсер Ернар Құрмашевтің айтуынша, фильмнің екінші аптасынан бастап кинотеатрлар сеанстар санын көбейте бастаған. Бұған алғашқы уикендтегі тамаша табысы себеп болған секілді. Ресми таратылған ақпаратқа сенсек, «Оффлайн каникул» 1 миллион доллардан астам пайда тауып үлгерген.

Картинаға түскен актерлердің негізгі құрамы жасөспірімдер. Көпшілігі әлі танылып үлгермеген. Бір қызығы фильм прокатқа шыққан соң олар да танымал бола бастапты. Режиссер Руслан Акунның айтуынша Алматыда жас актерлердің қатысуымен автограф-сессия өтті. Көрермендердің сұрауымен көрермендермен осындай кездесуді басқа қалаларда да өткізу жоспарланып отыр.

«Каникулы off-line» – қырғыз режиссері Руслан Акун түсірген отбасылық комедия. Ол көпшілікке «Салам, Нью-Йорк», екі бөлімнен тұратын «В поисках матери» картиналары арқылы белгілі.

«Оффлайн каникулда» өзінің кәсібін бастау туралы шешімге келген үш достың хикаясы баяндалады. Олар қала баласына арналған бірегей этнолагерь ашады. Лагерге келген бала планшет пен телефонда үнемі «отыратын» әдетінен құтылуға мүмкіндік алады, отансүйгіштік, шынайы достық секілді қасиеттерді үйренеді.

Фильмнің продюсерлер тобында Ақан Сатаев та бар. Ал ресми саундтрегін Данэлия Төлешова орындап, AlvinToday деген рэпермен бірге клип шығарды.

0 Пікір Кіру