Арзан ақпараттар бұқараның талғамын түсіреді - на weekend.bugin.kz
Абай Тағыберген - на weekend.bugin.kz Абай Тағыберген

Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа арасындағы айырмашылық, ортадағы ойлар мен пікірлер де журналистикаға жаңа бір серпілістің керек екенін аңғартады

Қазір ақпарат тауарға айналған уақыт. Уақыт ағымына бағынбайтын желдей жүйткіген сансыз ақпараттар тасқыны оқырманды талғам деңгейіне әкеп тіреп қойды. Алайда, жартыкеш, дәнегі жоқ арзан ақпараттардың алға шығып, салмақты дүниенің сырт қалып жатқан уақытында оқырманның ойын жаңа деңгейге бұру міндеті қалам ұстаған қауымды ой жетегіне апарды. Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа арасындағы айырмашылық, ортадағы ойлар мен пікірлер де журналистикаға жаңа бір серпілістің керек екенін аңғартады. Бұл мезеттік оқиғаны баяндайтын, шеңбері шектеулі ақпараттардың орнына сараптамалық, қоғам талқысына түсе алатын тақырыптарды медиа нарыққа енгізу сұранысын қажет етіп тұр деген сөз. Осы ойға жан бітірген, сараптамалық жанрды меңгерген журналист Ержан Қалымбайұлы алғаш рет цифрлық «Ұлыс» журналын ашты. Біз де өз кезегімізде әріптесімізбен халықаралық қарым-қатынастағы саяси-экономикалық тақырыптардың БАҚ-та берілуі, ақпараттық нарық туралы әңгімелескен едік.

– Ержан Қалымбайұлы, несін жасырамыз, жаһандық деңгейдегі ақпараттар, екі ел ара­сындағы санкциялар, сауда соғыстары туралы ақпарларды біз Ресейдің көзімен көріп, орыс позициясы арқылы қабылдай­мыз. Бұл сонда ұлттық танымдағы ақпа­раттық саясат әлі қалыптаспай отыр деген ойға сая ма?

– Қазір әлем шағын ауыл секілді. Мемлекеттік саясатпен қатар жаһандық дәрежедегі саяси һәм экономикалық, әлемдік трендтердегі тақы­рыптардан іргемізді алыс сала алмаймыз. Сырт елдегі санкциялар, соғыстар дүмпуі біздің қасымызда жүріп жатқандай әсер береді. Ал, сол ұстарадай өткір тақырыпты қаузауда өзге ортаның көзімен, Батыстың, Ресейдің көзімен қарайтынымыз ақиқат. Әлемде болып жатқан дүниелерді ұғыну үшін орыстілді ақпарат құралдарының көмегіне жүгінуден әлі күнге дейін аса алмай келеміз. Бұған бірнеше себепті бөліп қарауға болады.

– Ол қандай себептер болуы мүмкін? Сонда мәселе журналистің кәсібилігіне келіп тіреле ме?

– Алыпқашпа сөз бен арзан өсек, сенсацияға құрылған, жамбасы жерге тимес жаңалықтар қашанда бола береді. Сондықтан қазақ оқыр­мандарын арзан ақпаратқа телміртпеу әрі өзге­лердің ақпараттық-психологиялық басқын­шылығы мен пропагандалық экспансиясы соққысынан қорғайтындай қорғаныс қажет. Ол үшін біз салалық тақырыптарға мамандануымыз керек. Экономика, саясат тақырыптарына терең бара алмағанымыздан сараптамалар атүсті жазылады. Оқырманды сендіре алатындай тақырып керек. Біз көбінесе күн тәртібінен шығатын тақырыптармен өмір сүреміз. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, салалық бағытқа қазір ойыспасақ, кейін кеш болады. Батыстың тәжірибесіне иек артуымыз керек. Мәселен, мен Түркияда білім алғанда байқағаным, Анадолы елінде экономика тақырыбында жазатын жур­налист Экономика министрімен бірге отырып, сөз таластырып, ойын білдіре алады. Олардың өздерінің көрермені мен оқырманы бар. Тіпті, саланы жетік білетін білікті журналист өзге редакцияға ауысса, жүз мыңдаған оқырман да ол газеттен кетеді деген сөз.  Бізге де осындай оқыр­маны қалыптасқан публицист, аналитик журналистер керек.

– Түркия деп қалдыңыз ғой. Бауырлас елде сараптамалық журналистикаға бет­бұрыс қандай?

– Түркия мен Қазақстан журналистикасын салыстыруға келмес. Ол елде салалық журна­листердің шоғыры қалыптасқан. Редакцияда не телеарнада жұмыс істейтін тілшілердің белгілі бір деңгейде екінші салалық білімі, тіпті ғылыми атақтары да бар. Өзіңіз білесіз, ашық ақпарат болмаса оқырман тартылмайды. Бұл ретте Түркия оқырман не көрермен аудиториясына қызмет етеді. Қазір feedback-тің, яғни кері байланыстың заманы. Түрік журналистері оны жақсы меңгеріп алған. Олардың өз айдары, авторлық хабарлары бар. Пікірталастар ашық өтеді. Мәселен, тарихи бағдарламалардың өзі сағаттап, таң атқанша көрсетіледі. Ал, бізде тарихи бағдарламаларды рейтинг бермейді деп жауып тастайды. Саяси ток-шоулар ашық өтеді. Тіпті оқырманға не телекөрерменге арнайы айдар ашып, микрофон беріп, ішіндегісін айтқызады. Яғни газетке жазылған адам сол басылымды өз қажетіне пайдалана алады. Ал, бізде жазылушы оқырман тек ақпарат оқиды, яғни біз оқырманға толықтай жағдай жасай алмай отырмыз.

– Сараптамалық материалдардың аудито­риясы аз. Оқырман жеңіл тақы­рып­тарға лезде ереді. Қалай ойлайсыз, маман­данған жур­налистикаға түбегейлі бетбұрыс жасауға дайын емеспіз бе? Әлде тетігін таба алмай отырмыз ба?

– Білесіз бе, қазақ үшін саясат тақырыбының алыстығы жоқ. Дүкенге барсаңыз, не таксиге мі­не  қалсаңыз, екінің бірі саяси болжамдар ай­тып, пікірін ашық білдіріп отырады. Демек, сұраныс бар. Бұл айналып келіп, тағы да маман­дан­ба­у­ымызға келіп тіреледі. Мұнан басқа бізде са­ланы жетік меңгерген сарапшылар жоқ деуге келеді.

Елімізде шетелдің мықты оқу орындарын бітірген, мәселенің байыбына терең бойлап, ел ертеңіне жанашырлықпен қарайтын білімді де білікті жастар аз емес. Олар тек көрінбей жүр, не біз көрмей жүрміз. Бәлкім, ана тілде ойын ақтаратын арнайы алаң болмай жүр. Осы себепті біз "Ulys" журналын аштық. Мұнда тек жазу қабі­леті бар сарапшылардың мақалаларын топтас­тырдық. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған ақ­­парат ерекше сұранысқа ие болады. Сондық­тан мен мынадай ой айтқан болар едім. Әлеу­мет­­тік желі мен мессенджерлер арқылы жөн-жо­сық­­сыз, бас-аяғы жоқ вирусша тараған ақпа­рат­тардың анық-қанығын бүгінгі тұтынушыға анық­тау қиямет-қайым. Сондықтан көбі оны бөлісу­ден ары аса алмай қалып жатыр. Мұндай арзан ақпараттар легі сөзсіз бұқараның талғамын түсі­реді. Жалпы алдағы уақытта мемлекеттік дең­гейде ақпараттық сауаттылық туралы іргелі бағ­дарлама қабылданса, ұлтқа үлкен олжа болар еді.

– Цифрлық журналды ашқан алғашқы аза­матсыз. Сарапшыларды сөзге тартып, автор­ларды көндіру қиындық тудырған жоқ па? Мұның бәрі қаржылық мәселеге келіп тірелетіні түсінікті жағдай...

– Дұрыс айтасыз, сараптамалық тақырыптағы мақалалар жазу қиын. Сонымен қатар  әрі бағасы да  қымбатқа түседі. Журналды қолға алғанда көп­теген сарапшылармен сөйлесіп, мақсатымыз­ды түсіндірдік. Қолдау білдіріп, жанашырлық танытқандар да болды. Қыруар қаржы сұрағандар да табылды. Бірақ, біздің әлі де қаржылық не өзге де ресурсымыз жоқ болғандықтан, келісе отырып сарапшыларға тегін мақала жаздырып жүрміз. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Солтүстік Кипр Республикасынан сарапшылар да қызығушылық та­ны­тып, сараптама жаза бас­тады. Қазір ақпарат көп, сондық­тан ақ­па­раттың өтімділігіне де қа­рауымыз керек. Әсіресе, саяси-эко­номикалық тақырыптарда оқыр­­манды қызықтыру үшін Digital форматын пайдаландық. Суреттерді жеке кодпен өрнек­теп, әрбір мақаланы графикамен негіздедік. Әрине, қорқыныш бол­­мады емес, болды. Бірақ "ше­гірт­кеден қорыққан егін екпейді" деген. Тәуекел етіп, істі бастап кеттік.

– Білуімізше, Америкаға барып, біліміңізді жетілдіріп келіпсіз. Сіз санамалап айтып отырған мәсе­лелердің бір ұшы журналистердің тіл білмеуіне де келіп тірелмей ме? Қалай ойлайсыз, қазақ журналис­теріне тіл білудің бүгінгі қажеттілігі қанша?

– Қазір ағылшын тілі шет тілі емес, жаһандық тілге айналды. Екінің бірі білуге мәжбүр. Егер ағылшын тілін білсеңіз, 60 миллион англо-сак­сон­дықтың тілін меңгере аласыз. Бұл 1,5 млрд. ха­лықты ұғынуға септеседі. Мейлінше білген сайын әлемдік алып ақпараттық нарыққа шы­ғуың жеңілдей береді. Тіпті, журналистеріміз  ағыл­шынмен қатар  өзге де қытай, араб т.б тілдерді үйренсе, біраз әріптестеріміз көрші елдің ақпарат­тық ықпалынан  толық құтылар еді.

– Соңғы сұрақ болсын. Қазір дәстүрлі медиада "га­зет оқылмай қалады" деген қорқыныш бар. Ал, "жаңа медиа сенімсіз ақпараттарға толы" де­ген пікір де жоқ емес. Сіздің болжамыңызды білсек...

– Жаңа мен ескінің арасында үнемі күрес жү­реді. Түбінде жаңа жеңеді. Бірақ, телеарна шық­қан кезде радио өшеді деді, интернет шыққанда те­ле­арналар тоқтайды деді. Меңінше, дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қой­мау керек. Ескі мен жаңаны сабақтастырып, оқыр­манға өтімді дереккөз ұсынуға тиіспіз. Медиа­ның өтімді болуы менеджерлерге бай­ланысты. Сондықтан жастар  арасынан медиа­менеджментті меңгерген редакторлар буынын қалыстастыру қажет. Сонда ғана осы мәселені жеңе аламыз. Ол үшін сүзгі де артық болмайды. Көшір­ме не пресс-релиздік деңгейдегі сайттар мен басылымдарды реттеу, талапты күшейтуді қолға алған дұрыс деп есептеймін.

– Салмақты сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Абай ТАҒЫБЕРГЕН


 

0 Пікір Кіру