Әлемді өзгерткен 5 педагог әйел - на weekend.bugin.kz
Гүлмира - на weekend.bugin.kz Гүлмира

Мұғалім

Сіздердің назарларыңызға педагог ретінде әлемдік танымалдыққа ие болған бес әйелдің тарихын ұсынамыз. Олардың көбі өз мамандықтарын жаңашыл бағытта ұстанып, барлығы дерлік тарихқа енген. Бұл әйелдердің ерлігі, рухани күші мен қайсарлығы ұмытылмақ емес. Бұл бес тарихтың әрбірі жігерлендіріп, шабыттандырады.

1. Энн Салливан / Anne Sullivan (1866-1936)

Барлығын басынан бастаудан және сәтсіздіктен қорықпаңыз. Жолыңыз болмай қалған кездері бәрін басынан бастаңыз да, діттеген, бас кезінде алдыңызға қойғаннан басқа болып шығуы мүмкін, бірақ еске түскенде қуаныш силайтын мақсатыңызға жеткенше жігеріңізді шыңдай беріңіз.

Энн Салливан

Жетістіктері: арнайы педагогикада дүмпу жасады.

Оның тарихы: Америкалық педагог, арнайы педагогика саласы. Бүкіл әлемге атақты Хелен Келлердің мұғалімі атағымен танылған. Энн Салливанның тарихы шабыттандырады және таң қалдырады. Ол Америкада ирландық эмигранттар отбасында дүниеге келген. Энн кедейшілікте және маскүнем әкесінің қаскөйлігіне шыдап өскен. 8 жасында анасынан айрылған.

Қыздың басына түскен сынақтар қатарын оның көз жанарынан айырған ауыр дерт толықтырды. Анасы қаза болғаннан соң, бір жылдан кейін әкесі Энн мен оның інісінен бас тартты, оларды балалар үйіне орналастырады. Педагогтардың естелігі бойынша, Энн кіші інісіне ерекше қамқор болады, өйткені оның денсаулығы аса ауыр жағдайда еді. Алайда, бұл Джиммиді ажал аузынан құтқарып қала алмады (бала да өз анасы секілді туберкулез дертімен ауыратын еді).

Он жасар қыз інісінің, анасының өлімін көрді, туған әкесі тастап кетті және ерте жаста пайда болған трахома кесірінен мүлдем көрмейтін. Осындай ауыр кезеңде оның өмірінде алғаш рет оң өзгеріс алды, бұл оның алдағы тағдырының өзгеруіне септігін тигізді. 1880 жылы Энн көзі көрмейтіндерге арналған Перкинс мектебіне оқуға түседі. Ол жерде оған ота жасалып, нәтижесінде көзі біртіндеп көре бастайды және білім алады. Энн Саливанның өміріндегі айшықты оқиғалардың бірі мектепке қабылдануы болса да, бұл жағдай оның жаңа сынақтарды бастан кешіруіне септігін тигізді. Әлеуметтік дағдылардың жетілмеуі, қандай да бір оқу мекемесінде тұру тәжірибесінің жоқтығының нәтижесінде Энн мектептік өмірге машықтануы қиынға соқты. Оған бейімделу және достар табу қиын болды. Алайда, табиғи интеллектінің, ойдың ұшқырлығы мен өжеттігінің арқасында Энн академиялық тұрғыда жетіліп, өз мұғалімдерімен жақын әрі сенімді, соның ішінде әсіресе мектеп директоры Майкл Онаньеспен жақсы қатынас орната білді.

Майклдың нақ өзі Эннің оқу курсы 1886 жылы аяқталған соң, Хелен Келлер атты көзі көрмейтін әрі керең қызға педагог болуды ұсынған. Жиырма жасар Энннің Хеленмен кездескенде сыртқы әлеммен қатынасында айтарлықтай қиындақтармен, тұрақсыз эмоциональдық жағдайлармен кездескен қыз болатын. Хеленнің отбасы сол кездегі барлық мүмкіндіктерді қарастыра келе, оны арнайы мекемеге орналастыруды жөн санайды.

Бұл кездесу екі әйелдің де тағдырына түбегейлі өзгеріс әкелді. Екеуі де тарихқа енді. Хелен Келлер — батыл және жігерлі, жазушы әрі лектор, көп саяхаттаған және әлемдегі көзі көрмейтіндер мен нашар көретіндердің құқықтары мен мүмкіндіктері жолында күресуші болды. Энн Саливан — талантты педагог, көзі көрмейтін әрі құлағы естімейтін қызды оқыта білуді және әлеммен қатынас орната білуді үйреткен. Энн Салливан Хеленге бар өмірін арнаған. Өзінің жеке тәжірибесі мен табиғи педагогикалық талантын ұштастыра отырып, Хелен Келлерді оқытуда жоғары нәтижелерге қол жеткізе алды, осылай арнайы педагогикада нағыз дүмпу жасады.

2. Эллен Кей / Ellen Karolina Sofia Key (1849-1926)

Егер ересек адаммен қандай да бір қалжыңбас бір-ақ күн өзінің баласымен сөйлескендей сөйлессе, ол адам есін жоғалтар еді.

Эллен Кей

Жетістіктері: еркін педагогика принциптерін, концепцияларын тұжырымдады.

Оның тарихы: швед жазушысы, педагог. Эллен Кей еркін педагогиканың негізгі принциптерін, концепцияларын алғашқы тұжырымдаушылардың бірі.

Эллен Швед Аграрлық Партиясының негізін қалаушы Эмиль Кейдің отбасында дүниеге келген. Оның анасы ақсүйек тұқымынан болған және қызына тамаша үй білімін берген. Эллен өте либеральды атмосферада өсті, бұл оның педагогтік көзқарастарының қалыптасуына айтарлықтай әсер етті. Эллен өзінің бар ғұмырында аз қамтылған ауыл тұрғындары үшін халықтық институттарда сабақ берді. Сабақ бергеннен басқа Эллен әлеуметтік қызметімен қатар, мақала жазу, сол кезеңдегі әлеуметтік тақырыптарға арналған кітаптар жазумен белсенді түрде айналысты.

Оның педагогикалық жұмыстарының ішінде «Бала ғасыры» кітабы ерекше танымалдыққа ие болды. Бұл кітап тұңғыш рет бала тұлғасын педагогикалық үдерістің орталығы деп қарастырып, балаға деген мектеп пен педагогтың жаңа қатынастарының негіздерін қалыптастырады. Элленнің пікірінше, мектеп өзін тек қана тәрбиеші есебінде ұсынуы керек, бірақ өзіне ешқашан міндеттемеуі тиіс. Кей тәрбиелеудің негізгі көзі ретінде ананың тәрбиесін, яғни үйдегі тәрбие деп санаған. Бұл идеяның оны қанаттырғаны соншалық, ол балабақшалар мен барлық мектепке дейінгі балалар мекемесін мүлдем таратуды ашық түрде айтқан.

Эллен «Бала ғасырында» баланың өзіндік дамуы үшін қолайлы орта құру туралы алғаш рет айтады. Сол кезеңде танымал болған «Балалар үшін өмір сүру» ұранының орнына Эллен «Балаларға өмір сүруге мүмкіндік беріңдер» ұранын ұсынды.  

Эллен Кейдің ойлары мен жұмыстары бүкіл әлемнің оқыту жүйесіне кеңінен танымал болған Reggio Emilia педагогикасында Мария Монтессори жүйесінің пайда болуына қанаттандырып, алғышарт бола білді.

Элен Кейдің педагогикалық көзқарастарының қалыптасуына Лев Толстойдың еңбектерінің ықпалы зор болғаны өте қызықты. Ол кісі Лев Толстойдың педагогикалық мұрасын мұқият зерделеп шықканы белгілі және де ол ескірген мектептік білім беру жүйесін сынаған және әр оқушыға жеке-жеке тәсіл қолдану керек екені жөніндегі мәселелерде ойлары бір жерден шығып жатты.

3. Мария Монтессори / Maria Montessori (1870-1952)

Баланы тәрбиелеу үшін — оны білу керек, оны білу үшін — оны бақылау керек, ал оны бақылау үшін — оған бостандық беру керек.

Мария Монтессори

Жетістіктері: ақыл-есі кем балаларды оқытуда алғашқы болды, Ортофрения институтын құрды.

Оның тарихы: Италиялық педагог, сонымен қатар дәрігер, философ және ғалым. Ол бүгінде танымал болған көптеген оқу мекемелерін  ашып, Эллен Кейдің философиялық-педагогикалық идеялары мен тұжырымдарын тәжірибеде кереметтей жүзеге асырды.

Мария Монтессоридің тарихы педагогикадан тысқары жатқан адамдарға да таныс. Оның қызықты деген кезеңдеріне тоқталып өтейік.

Қызығы сол, Мария Монтессоридің педагог ретінде қалыптаспауы да мүмкін еді. Өйткені бұл талантты әйелдің карьерасы мүлдем басқа салада басталған болатын. Мария тарихқа Италияның медицина курсын аяқтаған тұңғыш әйел, сонымен қатар ғылым докторы ғылыми дәрежесін алған әйел ретінде кірген. Дәрігерлік тәжірибе мен ақыл-есі кем және жүйке жүйесі ауруларымен зардап шеккен балалармен жұмыс істеу арқылы Мария педагогика саласына келген.

Монтессеридің елеулі еңбектерінің бірі Римде Ортефрения институтын құруы болып табылады.

1889 жылы Туриндегі конференциядағы өзінің баяндамасында Монтессори нейропсихологиялық патологиясы бар балалар мәселесі медицина саласына жатпайтынын, яғни педагогика саласына қатысты екенін дәлелдеді. Бұл баяндаманың нәтижесі Монтессори басқарған Римде ұйымдастырылған Ортофрениялық институт болды. Оның институт қабырғасында ұйымдастырған және іске асырған әдістемелері күтпеген нәтижелер берді. Тәуелсіз комиссияның тексеруі нәтижесінде Монтессори оқытқан ақыл-есі кем балалар жазу, оқу мен есептеу дағдылары бойынша қалыпты дамып жатқан балалардан асып түскенін анықтайды. Монтессори ақыл-есі кем балаларды алғашқы болып оқытуға ниеттенгендердің бірі болды. Римдік Ортофрения институтын құрғанға дейін ешкім де мұндай балаларды оқыту қажеттілігі туралы ойламаған да еді. Олар мамандандырылған балалар үйінде қандай да бір педагогикалық назарсыз қалып отырған. Тіпті балалардың көбінде ойыншықтар да болмайтын.

4. Миртилла Майнер / Myrtilla Miner (1815-1864)

Мен әрдайым Майнердің қара нәсілді қыздарға арналған мектебінің жанынан өзімді кінәлі сезініп өтемін, өйткені менің оған айтқан сөздерім өзінің аты берілген мектепті құрған бекзат әйелдің меселін қайтарып, сенімін шайқалтып, өжеттігін жаншып жіберуі мүмкін еді

Ф. Дуглас М. Майнер туралы.

Жетістіктері: афро-америкалық қыздарға арналған мектеп құрды.

Оның тарихы: америкалық мұғалім, сол кезде құлдықта болған, шыққан тегі африка текстес америкалық қыздарға арналған мектеп ұйымдастырды. Керемет батыр, текті және ерікті әйел. Денсаулығы болмаса да, бүкіл қоғамға қарсы тұрып, құлдықта болған африкалық отбасылардың балаларына арналған мектепті құрып, оны дамытуға ғұмырының басым бөлішін жұмсаған.

Майнердің тарихы дәстүрлі түрде басталған. Орта шаруа отбасында туылған Миртилла күнкөрістің қамын ерте бастаған. Оқуға деген бейімділігі мен кітапқа деген үлкен махаббатының арқасында педагог жолын таңдап, 1844 жылы оқуын сәтті тәмамдаған. Курсын аяқтаған соң Миртилла Майнер плантаторлардың қыздарын оқытуға арналған Миссисипидегі мектепке оқытушылыққа жіберіледі.

Майнер ол жерден құлдықтың сұмдықтарымен бетпе-бет келеді. Бұл оның алдағы өміріндегі мақсаттары мен өмір сүруінің мәнінің түбегейлі өзгеруіне себеп болады. Миртилла плантаторлардың балаларын оқытатын оқу орнында афро-америкалықтарды да оқытуға арнайы рұқсат алуға тырысады. Әрине, бұл сол кезеңде кері әсер тудырады. Миртилла мұндай мектепті өзі ашуы керек екенін түсінеді. Ол өзінің оқытудығы басты мақсаты афро-америкалық балаларды оқытуды санайды, ал оның оқушылары одан кеін ары-қарай өздері туыстары мен достарын оқытуы керек болатын. Ол кезде мұндай қадамға бару, тікелей мағынасында өз өміріңді қатерге тігу болып саналған. Өзінің жеке оқу ордасын ашу үшін қаражат жинап және қолдайтын адам іздеп жүріп, Миртилла біраз уақыт Колумбия округінде бейресми түрде құлдардың балаларын оқытуын жалғастыра берді. Ол округте бұндай әрекет қылмыстық жаза қолданатын іс ретінде бағаланатын.

Ақырында жазушы Гарриет Битчер Стоудың өзінің «Том ағайдың лашығы» кітабының қаламақысының біршама бөлігін мектепті ашу мен дамытуға жасаған қайырымдылығымен және оның ағасы Генри Уорд Битчердің қаржылық қолдауымен Майнер өзінің мектебін ашып алады. Кейбір замандастарының айтуынша, Миртилла Майнер мектебіндегі дайындық деңгейі сол кездегі ақ нәсілді қыздарды оқытатын мекемелердегі деңгейден айтарлықтай дәрежеде жоғары болған екен.

Миртилла Майнер көптеген қорлықтар мен қорқытулардан, физикалық күш көрсетуден және өрттен де өтуге тура келді. Алайда, Миртилла алған бетінен қайтпады. Бұл күресте оның онсыз да нашар денсаулығына салмақ түсіп, 49 жасында дүниеден озады. Оның мектебі Отан соғысы кезінде жабылып, соғыстан соң өз жұмысын жалғастырып, бертін келе оқыту мекемелерінің бірі болады.

Вашингтондағы бастауыш мектеп Миртилла Майнердің құрметіне аталған.

5. Адель Маркус / Adele Marcus (1906-1995)

Кемені суға жіберу — бір жұмыс. Ал оны жүздіру — мүлдем басқа жұмыс.

Адель Маркус

Жетістіктері: музыка өнерінің атақты педагогі.

Оның тарихы: Америкалық пианист, педагог. Ресейден Америкаға көшіп барған отбасындағы он үшінші бала. Адель туылғанда бұл қыздың атақты педагог болатынын және әлемге танымал талантты пианисттердің екі буынын тәрбиелейтін ешкім де білген жоқ болатын.

Адель атақты Джульярд мектебінде оқыған, жас орындаушылардың Наумбургтік байқауында жеңіске жеткен. Белсенді түрде концерттер берген, АҚШ - ның беделді залдарында өнер көрсеткен және осындай орындаушылық өнері бола тұра саналы түрде оқытуды таңдаған.

Джульярд мектебіне мұғалім ретінде оралған Адель Маркус Энрике Батис, Сай Коулмэн, Орасио Гутьеррес, Паскаль Немировский және басқа да атақты пианистерді тәрбиелеп шығарған.

Өзінің атақты оқушыларының арқасында, Адель әлемдік танымалдыққа ие болды. Ол әлем бойынша жүздеген шеберлік сағаттарын өткізді, беделді халықаралық байқауларда әділқазылық жасады.

0 Пікір Кіру