Ұры - на weekend.bugin.kz
Нұрғайып Хавсаметұлы - на weekend.bugin.kz Нұрғайып Хавсаметұлы

Әңгіме

Таң ағара жолға шыққан салт атты екіндіде «Білеу» арасына келіп жетті. Бағытты тым алыс, ойына алған жалғыз ғана жоспары бар. Өткен тойда бәйгеден қара үзіп бірінші келген сүлік қараға көзі түскен. Енді соны алып қайтпақ. Қас қарайғанша осында аялдау керек. Жаздай жайлауда болған ауылдар «кеңшар» түбіне қарай еңкейіп кеткенін сүрлеуде шашылған мал тезегінің тобарсығанынан байқап білуге болады.

Ақшам жетпей күннің көзі түйе жонды жоталардың етегіне көлеңкесін себе бастағанда қайтадан атқа қонып, Үшқараға атының басын бұрып бүлкілдетіп отырды. Сырғалыға осымен екінші мәрте жол түсіп отыр. Өткен жолғы жорға құланы алып қайтардағы қателікке жол бермеу керек осы жолы. Ол үшін өкінеді. Өзін кінәлайды. Сол жолы осы бәйге қараны алмағанына күйінді. Сырғылы нуына құланы әкеп байлап кетіп, «қара тұлпар қайдасың?» деп бір апта торуылдап, қолға түспеген соң қайтып айланып келгендегі жағдайға әлі сене алмады. Бал қарағайға байланған құла аяғы мен аузы жетер жердегі шөптің бәрін жеп тауысып енді қарағайдың қабығын кеміріп, тіпті дініне жетіп өзегі үзіліп еді. Болған іс болды деп кәнігіп алған ұры бұл жолы құланы тастап кете алмады. Батырлардың атындай қастерлеп, атты өзінше ор қазып жерлеп, құладан қалған қарағайды жаңқалап жарып, бір жартысына былай деп жазды, «Жылқының қадірі – қазақтың қадірі». Осылай құламен қош айтысып, Ховданголға жалғыз қайтты.

Міне қалың ойдың шырмауында желе жортып, отырып Мыңшұңқырға да келгенін байқамай қалды. Ал енді осы таусылып бітпейтін шұңқырлардан жол тауып Жыландының бойына жету жалғыз жарым жолаушыға өте қиын. Бірақ астындағы атына сене ме алғашқы келгендегідей емес тым сабырмен күрең бестінің санына бұзау өрім қамшыны сипалап қана салып қойып, бүлкілдетіп отырды. 

Қазір Жыландының бойына жетсе, таң бозамықтап атқанша азғантай Тува ауылдарына тұяқ іліндіріп үлгеруге тиіс. Сол ауылда жолдасы Даваажавтың көмегіне сүйенбек. Даваажавпен ана жылы Бұғыдағы түрмеде танысқан болатын. Ол сары атанды ұрлаймын деп қамалғанын баяндап берген. Бұл болса Көвскөлден алып келген сетер көк айғырдың барымтасымен түрменің дәмі бұйырғанын сөз етті. Бірақ, түрме тергеушілері екеуін де мойындата алмаған соң, екі айдай тергеуге алып, босатты. Содан бері екеуінің таныстығы жолдастыққа, достыққа ұласқан, содан бері екеулеп талайды сан соқтырып, талайдың желісін қолына ұстатып, құр алақан қалдырған. Осылай екеуінің ымыра барымта жасап жүргендеріне міне, үш жылға жуықтады.

Жыландының бойына жеткенімен, Даваажавты үйінен ұстай алмады, ол Ақсу арасына кеткеніне екі күн болып қалыпты. Оның сүлік қараны барлап жүргенін айтпаса да іштей сезді. Күрең бестіні тынықтырып, Даваажавтың қаңтарып кеткен тор аласымен сапарын алға сабақтамақ болды. Бұдан өзге тиімді жағын көріп те тұрған жоқ. Кешке дейін, жападай болған тува үйінде аялдап қал жиып, қас қарайғанын күтуге тура келді. Маусымның ортасында Жыландының бойымен жүретін жүргіншілердің көп болатынын бір жағынан өзінше ескергені. Қазіргі басты мақсаты – тірі жанның көзіне ілікпеу.  Ақшам шағылып жер бетін барқыт шапанымен қымтай бастағанда, торы алаға мініп тағы да суыт жүрісін жалғады. Сырғалы көлі күндік жер болғанымен, тор аланың жол жорға жүрісімен таң бозғылтанып сәулесін шашқанша жететіне сенімді. Даавжавпен уәделі жері Рахатай мешітінің батысындағы,Қаратау бойын қуалап өскен қарағай болып отыр. Қарағайға аяғы жетсе сүлік қараға бір сүйем жақындар. Іштей шүкіршілік етеді. Кейде өз ойынан өзі үркеді. Өлім жайлы ойлаудың өзі қасірет екенін сезеді. Алайда осы алдамшы тірлігіне разы екенін, ана қияқ мұртының астындағы кекесін күлкіден аңғаруға болады. 

...Бал қарағай арасынан бұлбұлдың даусы, қарғаның қарқылы естілгендей болды. Бұл серігінің мен мұндамын деген, шақыру дыбысы екені анық, мұндай құпия дыбыстап шақыруды, батыс үш аймақта екеуінен басқа ешкім білмейді. Торы аламен мал іздеп жүрген сыңай танытып, бейсауат жүріспен қарағай ішіне сіңіп кетті. Талайды құртқан әкінің өмір тәжірибесінде, не болмады десеңші? Қарағай кіріп бара жатып қасқыр боп ұлыды. Мұнысы мен келдім дегені еді. Бұлбұл даусы тағыда естілді. Мен сені көрдім, алаңқайға жақында дегені. Екеуі бірі қазақша «ассалаумағалайкүм» десе, екіншісі мұңғыл тілінде «санбасхануу» деп әркімнің өз ұлтына тән сәлемдесумен құшақ айқастырып қал жағдайларын сұрап жатыр.

– Сен сүлік қараны көре алдың ба, жылқыда ма әлде белдеуде байлаулы ма?

– Екі күн торуылдап бүгін нақты қайда екенін біліп келгенім осы, Ақсу өзеннің бойында жайлап отырған азғантай уақ ауылдарының жылқысының ішінде жүр. Бүгін үлгермесек ертеңдері белдеуге байланса, өткен жылғыдай жетегіңе көлеңкеңді жетектеп кетесің деп кесіп айтты.

Бұл ұсыныс екеуіне де тиімді болып отыр, тек сүлік қараны емес, бағана келе жатқанда сырғалы көлінің жағасынан көрген сетер көк тайға көзі түсіп, іші бір жылып қалған болтын. 

Адуынды долданып ағып жататын Ақсу өзені, бұрынғысындай емес бүгін жетім құлдай дәрменсіз күйде жатқандай болды. Екі жымысқының арам ойларын тек өзі ғана сезіп жатқандай. Даавжав жол бастаушы, ақ айрандай болып ақтарылып ағып жатқан өзенің өткелін білетін еді. Санақ қарияның тұсындағы өткелден аттарын қойып кеп жіберді. Ағыны қатты болғанымен жануарлар жандарын аяп қалсын ба, толқынға көміліп теңселе отырып жағаға шықты. Бірі торуылға кетсе, бірі қазан көтеріп жау бүйрек дайындаудың қамына кірісіп кетті. Қасқарая жолдасына келген Даавжав жылқылардың қайда жүргенін айта келді. Енді кешіксе, тағы бармақ шайнап, өкінумен кері қайтарлары анық. Жылқышылардың үйірге жақын жүргеніне қарағанда иелері тайпалған жорғасы мен аузына құс тістеген жүйріктерді түгендеуді, бір жағы үкімет тойының алдында қазанаттарды бабына келтіруді ойға алса керек. Олжа қолдарына түссе, түнделетіп Ойғырбасына шығып кету қажет. 

...

Түн жарымының самалымен аңқылдап келе жатқан екеудің көңіл күйі сондай көтеріңкі. Бірінің жетегінде сүлік қара бес жасар айғыр болса, ал енді бірінде, төрт аяғын тең басқан «су жорға» сетер көк. Үш күн суыт жүріп Далынтолханың басынан кеп түсті. Екеуі де енді қауіптің жоқ екеніне көздері жетіп жеңіл күрсінеді. Оңаша тігілген Қабылдың үйіне кеп түсіп, өткен кеткенді біраз уақыт әңгіме қылды. Бұлар мән жайды айтпаса да, Қабылға бұлардың сыры мәлім боп отыр. Үшеу ара бір-бірінің сөзін бағып сөйлеп, «үй артында кісі бар» дегендей іштей сезініп, іштей түсініп отыр. Жолаушылардың жолын бөгеуді жөн көрмей, сыртқа шығарып қоштасып тұрып, сүлік қараны бір барлап өтіп, «пах шіркін, жануар-ай, бабың келсе күндік жер шапсаң да алдыңа қара салмасың» деп іштей таңырқады. Қабдыросол қолың жеткен екен енді айрылма, дегендей басын изеді. 

***

Қабдыросол таң атқанша ұйықтай алмай шықты. Күні бойы ешкімге тіс жарып үндемеді. Қартайып қалған әкесінің іс-әрекетін бағып отырған Мағыпар бір жағдаятың боларын сезгендей. 

Сонау жиырма бес жыл бұрын Ақсу арасынан ұрлап әкелген сүлік қараның тұқымы бұл күнде бір үйір жылқы болған. Сүлік қара тұқымы десе алыс жақындағы ағайын туыстың құлақтары елеңдеп, құлақтары түрік жүретін болды. Бұл бәйгеден не ұтыпты деп басында сұраушы еді. Ол күндер тым алыста қалып, кімнің аты көнбеге қарайлас келді, кімдікі үзеңгілес келді деген сыпсың сөздер ғана өрбитін болған. Қабдыросолдың ұйқысы қашып сыртқа шықты. Аспан асты сондай тыныш, қаншама түндерде жолдас болған «Үркер» мен «Жетіқарақшы» жымыңдап қол бұлғағандай сезілді. Тізенің сөлі кетіп, білегінің қауқары кеткелі аспан еліне қарап отырғаны осы. Алғашқы күндердей бәрі-бәрі көкейде сайрап жатыр. Көкке телміріп тұрып, «Жетіқарақшы жамбасқа ойысқанда, мен талай рет олжалы болғам» деген пенделік ой санасын билеп, миығынан күлді.  

Ұлы арқандап қойған қараға көзі түсті. Жан-жағын барлап алып, баспалап барып арқанынан босатып өз үйінің белдеуіне әкеп байлады. Нар төсекке жамбасы тие ұйықтап кетті. Бұл жолы оның мәңгіге көзі ілініп кеткен еді. 


0 Пікір Кіру