Бұ Дүниеде бақытты болудың О Дүниедегі рөлі - на weekend.bugin.kz
Гүлмира - на weekend.bugin.kz Гүлмира

Өмір

Адам баласы әлімсақтан бақытты болуды аңсапты. Өзінің жабайы шағында тек күнкөру үшін ғана арпалысып тән қамын бақыт деп білсе, бертін келе жан қамын да ойлай бастапты. Өйткені, жан Алланың аманаты еді. Адам кеудесіндегі жан, қарын тойғанға қанағат етпеді. Одан тыныштық таба алмады. Бебеу қағып бірнәрсе іздейтін болды. Бақыт іздейтін болды. Жан шырылдап нені іздейтінін білмеді. Дамудың осы тұсында адамзатқа Алладан уахи түсіпті. Пайғамбарлар арқылы. Иесіне қауышып Адам жаны тыныштық тапты. Шынай бақытты сезді. Өмірдің бұ дүниемен шектелмейтінін ұқты. Мәңгілікті мойындап тынышталды. Сөйтіп О Дүниенің бар екендігі Адамды Бұ Дүниеде адамша өмір сүруге бастады. Мәңгіліктің барлығы өлім алдындағы қорқыныштан құтқарды. Адамдар мәңгілік өмірде бақытты болу үшін Бұ Дүниеде қылмыстан тиылды. Иманына иман қосуға ұмтылды. Жамандықтан қашып жақсылыққа ұмтылды. Батыста да, Шығыста да тақуалар, әулиелер көбейді. Иманды адамзат қоғамы қалыптаса бастады. Алайда, ғылымның шарықтап дамуымен Батыста жаңсақ түсінік пайда болды. Батыс Аллаға шек келтірді. Құдайды жоққа шығарды. 19-ғасыр аяғында Ф. Ницше «Құдай өлді!» деп жар салды. Оны есіткен Ф.Достоевский «Егер, Құдай өлсе, онда Адам басына келгенін істейді» деп жауап қатты. Көп ұзамай ұлы жазушының айтқаны келді. 20-ғасыр басында Адам басына келгенін істеді. Жер шарын екі рет соғыс өртіне орады. Адамзат сөйтіп екі рет естен ауысты.

Қателіктің қайнар көзі қайсы? Осының бәрі неден шықты?

Адамның Алланың ақ жолынан адасуынан шықты. Құдайды тәрк еткен Адам Бұ дүниеден кейін О Дүние бар дегенге сенбеді. Өзін Алла алдындағы жауапкершіліктен босатты. Бұ Дүниеде басына келгенін істеуге адам алдында даңғыл жол ашылды. Сөйтіп, Адам «мәңгілік өмір» дегенді қиял деп күстаналап, Бұ Дүниедегі «қысқа ғұмырды» «шалқып өткізуге» кірісті. Оның ұраны; бір жағынан - өмірден өлшеусіз лаззат алу - тән ләззаты, секс, арақ, есірткі, құмар ойындары болса, екінші жағынан соған алып барар жол – ақша, байлық, билік еді. Сондықтан Адам осы жолда қырқысты. 20- ғасыр Жер шарының басым бөлігінде құдайсыздар қоғамы орнады. Адамзат өзінің баяғы құдайсыз қалпына қайта түсті. Бұл өркениетті жабайылық еді. Бұл жабайылықтың бұрынғы жабайылықтан жаман жері бұл – қолына жойқын қару алған жабайылық еді.

Соныңмен, Құдай жолын емес, ләззат қуған қазіргі Адам түптің-түбінде тұйыққа тірелері хақ. Өйткені нәпсі – тұзды су. Ішкен сайын шөлдетер. Байлық та сол. Қуған сайын қаша бермек. Ұстатпай. Билік те сол. Биіктен соң алдыңнан биік шығады. Ал, өз Иесінен айырылған жан болса жай табар емес. Бақыт құсы секектеп алдында қашумен келеді. Ұстатар емес. Құдайсыз өркениеттің халы осы.

Дін адамы – керісінше. Ол үшін Бұ Дүние байлығы – иман. Ол тек иман жинайды. Бұ Дүниеде одан өткен ләззат жоқ екенін біледі. Өйткені жүрегі тыныш. Бақыты – сол иман толған жүректен тұлабойына тараған нұр. Шаттық нұры. Мақсаты – тәни және рухани тазалық. Аллаға деген, Адамға деген махаббат. Өзімшілдіктен арылып, өзгелер үшін өмір сүру. Одан басқа адамды бақытқа бастар жол көрінбейді.

(Смағұл Елубай — "Қиямет-қайым ғасыры" кітабынан үзінді)

0 Пікір Кіру