Шерхан Мұртаза: Уәде орындалмайтын ретте тасқа қашап жазбау керек еді ғой - на weekend.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на weekend.bugin.kz Марғұлан Ақан

Бір кем дүние

Шерхан Мұртаза өзінің "Бір кем дүние" еңбегінде ел ішінде болған мәселелер мен ел талқылауында жүрген біраз дүниенің басын ашып, астарын кестелеп кетті. Соның бірі "Неге алдайды?" мен "Көреген көсемі". 

Неге алдайды?

Ұлытау орталығына барар жолда, жартаста шамамен:

«Бұл жерде қасиетті Ұлытау бауырында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айғақтайтын ескерткіш орнатылды», – деп жазылғалы талаң таң атып, талай күн батты. Жылжып жылдар өтті. Жазу өше бастады.

Уәде орындалмайтын ретте тасқа қашап жазбау керек еді ғой.

Бір кем дүние.

Көреген көсем

Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Үйдің бірінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» аталады. Іргемізде – Конгресс-холл, алдымызда – түрік шайханасы.

Түстікте бір үйден кейін – Есіл-өзен. Оған төніп тұрған – Кенесары ескерткіші.

Әлихан Бөкейхан – Алашорда көсемі. Соның атындағы көше – айбын.

Сонау 1910 жылдың өзінде Петроградта басылып шыққан «Қазақтар» деген еңбегінде Әлихан Бөкейхан былай дейді:

«Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айрылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады...

Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қалады, ал жайылымнан айрылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді».

Арада елу жыл өткеннен кейін орыстың жазушысы Чивилхин «Земля в беде» деген шығармасында Әлихан Бөкейханның көріпкелдігін растап берді.

Сөйткен көсем Әлихан Бөкейханды Сталин жауыздары атып тастады.

Имансыз жауыз заман, залым дүние.

0 Пікір Кіру