Қатал ғасыр  - на weekend.bugin.kz
Ерболат Таласбай - на weekend.bugin.kz Ерболат Таласбай

Қатал ғасыр немесе Темуджиннен Шыңғыс ханға дейін

Сөз басында айтып өтейін бұл мақала – тарихи зерттеу немесе ұлы ханды мақтап не болмаса даттау емес, белгілі бір кітаптан алған әсерімді бөлісу мақсатында жазылып отырған ой толғам. 

Соңғы он жылдың көлемінде Шыңғыс хан тұрғысында қазақ халқының ойы екі арнамен ағып келе жатыр, бірі атақты ханды "қазақ" десе енді бірі ханды "қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды" дейді, және әрқайсысы өз ойының дәлелі бола аларлық уәж де айта алады. Атақты Шыңғыс хан қазақ болсын басқа болсын әлемге аты жайылған ұлы тұлға екені анық. Қайбір жылдары бір телебағдарламада "Шыңғыс хан тиран ба әлде ұлы тұлға ма?" деген сұрақпен дебат өткен болатын. Сол дебатта көрермендер арасында отырған бір ақсақал "Егер біз Шыңғыс ханды тиран еді деп даттайтын болсақ, кешегі ұлт үшін күрескен ардақты тұлғалар Әлихан, Кенесарыдан бастап қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібекке дейінгі хандарымыздан бас тартуымыз емес пе?" – дегендей уәж айтқан еді. Мен де осы ойдамын және Шыңғыстай ұлы тұлғаның өмірін барынша зерттеп оқып білуге құштар жандардың бірімін.

Тарих негізі шынында да кім мықты болса соның дегенімен жазылатыны анық.  әсіресе ХХ ғасырда жазылған тарихи романдар, басқа ұлттарды білмеймін ал, біздің қазақ жазушылары тарихи романдарда ең көп цензураға ұшыраған болуы керек. Бір ғана І. Есенберлиннің "Көшпенділері" мен "Алтын ордасында" тарихи оқиғалардың сарынынан сол заманның емес роман жазылған уақыттың сарынын байқау қиын емес. Әсіресе, И.Калашниковтың "Қатал ғасыр" (Жестокий век) деген кітабынан кейін өз ойларымның дұрыс екеніне анық көзім жетті. Бұл кітап Темуджиннен Шыңғыс ханға дейін немесе бейкүнә сәбиден қатал да қатыгез адамға айналған ұлы тұлға жайында сөз болады. Бұл кітап маған бұрын мен білетін Шыңғыс ханды мүлдем басқа қырынан көрсетіп бере алды, өйткені, мен оқыған тарихи романдар болсын, тарих сабағынан өткен, кейіннен оқыған әдеби шығармалар мен тарихи очерк, зерттеу мақалаларында болсын, бәрінде Шыңғыс хан қаталдығымен, қатыгездігімен, қанішерлігімен таныстырылатын. Ол кішкентайында бөлек шешеден туған бауырын өлтіру арқылы ең алғашқы қанды жолын бастайтын...

Ал Калашниковтың жазғанындағы Шыңғыс хан мүлде бөлек. Ол Шыңғыс хан менің логикама сыяды екен. Неге? Себебі ол қанды жорығын өзінің кішкентай ғана отбасын қорғаудан бастайды, кішкентайынан "сен мықты болмасаң, сенен мықтылардың табанында құл болуың керек" деген қағиданы біліп өседі. Ол күрес жолын өзінің тәуелсіздігі үшін бастайды, және өзінің ұрпағы басқаларға құл болмас үшін жан жағындағы ірі мемлекеттерді жаулап ала бастайды. Ия, кейіннен дер кезінде тоқтай алмай қалады және сонысы үшін өкінгендей болады, бірақ кішкентайындағы көрген құқайлары қайталанбас үшін "Бүгін сен шап, бүгін сен шаппасаң, ертең ол сені шабады" дегендей саясат ұстанғанын байқауға болады және "аузы күйген үрлеп ішеді" дегендей қарсы келген жауын аяса ертең ол мұны аямайтынын жақсы білетін ұлы хан жолындағысын жапырып жібереді. Әрине, буыны қатпаған бала кезінде туыстарынан адамдық көрмеген адам, басқа ұлт басқа діннің адамдарынан нендей жақсылық күтсін. Бұл кітапта Шыңғыс ханды барлық пенделік жағынан байқауға болады, И.Калашников жасаған Шыңғыс ханның образы әрі жақсы адам, әрі жаман адам, әрі досына адал қолбасшы, мейірімді әке, әрі қасына да досына да қатыгез жауыз тиран, қатал әке. Жалпы қорытындылайтын болсақ алғаш бәйгеге тайын қосып қуанатын Темуджиннен ұлы саясаткер, ұлы қолбасшы, ұлы хан жасаған әйгілі жаулап алушы өмір сүрген қатал ғасырдың өзі екен. Балаға тарихты қазіргі біздің оқулықтардан мың есе жақсы үйрете алатын туынды деп айтар едім. 

0 Пікір Кіру