Көрмейін десем, көзім бар... - на weekend.bugin.kz
Journalism King - на weekend.bugin.kz Journalism King

Қазіргі қазақ қоғамындағы адамдардың көбісінің бойын негатив жаулап алғанын мойындауымыз қажет. Енді тәй-тәй басып келе жатқан баланың өзін аңдып, шалынып құламауын қадағалаймыз. Ол бала мектеп қабырғасына аяқ басқанда баланың сабағын төрт пен беске ғана оқуын талап етеміз. Ол баланың жоғары оқу орнына грантқа түсіп, одан стипендия алып отыруын қалап тұратынымыз және бар. Ал ол отауын құрарда үйленетін қызын өзіміз таңдап бергенді жанымыз қалап тұрады. Бұның бәрі не үшін деген сұрақ туындауы мүмкін. Бір қарасаң бұл – жақсылықтың болуын қадағалау, жамандықтың алдын алу. Екінші жағынан адам баласының ойына бірінші негативті ойдың келетінін дәлелдейді. Бұнымен не айтқым келеді?

Тақырыптың ұлы жобасы – қазіргі қоғамдағы адами проблемаларды айту. Логикамды былай қозғасам да, былай қозғасам да тақырыпты позитивті түрде түсіну, қабылдау қолымнан келмеді. Менің журналист ретіндегі ұстанымым – ең алдымен позитивті ойлау, оқырман, тыңдарман, көрерменге позитивті ақпарат тарату. Егер шешімін тапсам немесе жеке ұсынысым болған жағдайда ғана негативті ақпаратты, қоғамдағы әртүрлі мәселелерді таратуға рұқсат беремін. 

Өзіңіз ойланыңызшы, q-pop қазаққа тән өнер емес, оларды құрту керек деп халық шуылдасты. Журналистердің де айтатыны соған сәйкес q-pop-тың айналасында ғана болды. Бұл поп жанры мемлекетімізге енді. Тек еніп қана қоймай, бұтағын жайған ағаштай таралды. Енді оны жою ешкімнің қолынан келмейді-ау. 

Келесісі – гендерлік саясат. Бұл да бір қоғамдағы дүрбелең тудырған мәселе. Бұл саясаттың арқасында кейбір үйде әйел – қожа, еркек – қолшоқпар болып, әйел мен еркектің міндеттері ауысты. Осы саясат халықты батысқа еріксіз еліктетті. Қазіргі таңда елімізде әйелдердің саны ер адамдардікінен біршама көп. Демек осы бір саясатты қоғамнан алыстатуға да шамамыздың келмейтіні айдан анық. Өзгерте алмасақ та, қоғам білетін проблемаларды қайтадан өдеріне айтып, көрсетіп бергенімізге ырзамыз әйтеуір. Оның шешімін кім табады? Ол бізді, журналистерді қызықтырмайды. Өмір ғой деп, бұған да қол сілтейсің кейде...

Қазақ тілінің қазіргі жағдайы мәз емес. Қандас бауырларымыздың бір-бірімен орыс тілінде сөйлескендерін көргенде, көңілің құлазиды. Бірақ бұл шешілмейтін мәселе емес. Қазақша сөйлеуді әрбір адам өзінен бастаса, қоғамды да қазақтандыруға болады. Бұл мен айтпасам да белгілі. Міне, бұл жерде проблема, оған қоса ұсыныс немесе шешім айтылды. Қажет болып тұрғаны адамдардың әрекеті ғана. 

Жоғарыда айтып кеткендей, мен осы секілді проблемаларды шешімімен айтқанды ұнатамын. Басқа журналистердің де осындай ұстанымда болуын қалаймын. Проблеманы айта берген сайын ол шешілудің орнына көбейе береді. Оданда позитивті ойлаған, халыққа жағымды ақпаратты ұсынған дұрыс. «Шындықты» ұраны етсе де, халық жақсы жаңалықты қалап, талап етіп тұрады. Оны түсініп жатқан журналистер қауымы да көп емес. Бар болағандарына шүкір деймін кейде. Былай ғой, адам не ойласа, не айтса, сол орындалады. Сол себептен позитивті ойлап, ұсынатын ақпаратымыз позитивті болса, бұл – қазақ елінің бір сатыға жоғарылағаны. 

Әріптес дос, сіз қоғамдағы проблемаларды айттыңыз (жаздыңыз) ғой. Білемін... Сеземін... Өзіңізге сұрақ қойыңызшы, «осы мен неге ылғи негативті дүниелер жазамын?» деп. Жауабын өзіңіз де таба алмайсыз. Демек сіз әлі де журналист болуға дайын емессіз. Журналистика сіз ойлағандай, тек қана шындық айтылатын мамандық емес. Сіз шындықты айтып қана, журналистиканың шыңына шыға алмайсыз. Керісінше, осы шындық сізді нөмірі бірінші журналистен соңынан санағандағы бірінші журналист дәрежесіне түсіруі мүмкін. Шындықтың өзін орнымен қолданған дұрыс. Әйтпесе, осы шындықтың түбіңе жетуі де ғажап емес. Оданда позитивті ойлап, қоғамға, болашаққа зор үмітпен, мол сеніммен қараған дұрыс секілді. Мүмкін мен қате айтып жатқан шығармын... Кім білсін?! Бірақ бұл ойымнан айнымаймын. Негативті жек көретін журналистің ойы осындай.


0 Пікір Кіру