Ерлік – елдің ескерткіші - на weekend.bugin.kz
Sabira - на weekend.bugin.kz Sabira

«Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбына орай эссе

«Ерлік» туралы ой елегінен өткізсем болды,ойыма өз әулетіміздегі арғы атам – Ұлы Отан соғысының ардагері атанған – Мардан атам оралады да, мәңгі естен кетпей қоятыны бар.

«Бейбіт күнде де ерлік жасауға болады», - деп айтқандарды естігем, бірақ ел басына ауыр күн туған,сонау сұрапыл жылдары кеудесін оққа төсеп, елін, жерін, Отанын қорғаған аталарымыздың ерлігін онымен салыстыруға келмес, сірә!

Сұрапыл сұм соғыс ауыртпалығын мойнымен көтеріп, «1418 күн мен түнге» созылған қан майданда от кешіп,біреуі мүгедек болып,аяғынан,көзінен айрылып жарымжан болып туған елге оралған аға-аталарымызды нағыз ержүрек-батырға теңесем де артық болмас. Бір өкініштісі – сол ардагер аға-аталарымыздың бүгінде арамызда жоқ болғандығы. Егер олар тірі болса, кейінгі ұрпақ біздер, сан мыңдаған жеткіншек ұрпақтар олардың ерліктерінен үлгі алар едік-ау!

Қан майданның жүректе жарасы бар,

Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.

Арамызда жүретін алшаң басып,

Ардагерлер азайып барасыздар.

Қастерлейді халқымыз қаһарманын,

Жүр есінде сан жарық сапарларың.

Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,

Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың.

Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар

Жүздеріңде жарқын от жарқылы бар.

«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,

Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.

Жасқанбаған жауынан жарақты ер

Ерлігіңді аңыз қып таратты ел!

Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ,

Жүздеріңе сендердің қарап білер.

Дарқан мінез,дария ой, дара шыңдар,

Жарқын жүзді, жүрегі ақ,жаны асылдар.

Арамызда жүретін алшаң басып,

Майдангерлер, азайып барасыңдар!

Ия, менің де атам осы өлең жолдарында айтылғандай сұрапыл соғыстың салған ауыр зардабының әсерінен бұл өмірден ерте қоштасты. 1993 жылдың 5 наурызы біздің отбасымызға үлкен қайғы әкелген күн болды. Майдангер атам, бүгінгі өмірдің батырына айналған,еліміз мақтанышы бола білген қайран атаммен мәңгілікке қоштасып қала бердік. Бірақ сол майдангер атамның жиені ретінде әлі күнге сол атам туралы естеліктер мәңгі есімнен кетпейді. Кейінгі өзім сияқты ұрпақтарға майдан ардагерлерінің ерліктерін айта бергім келеді, айта бергім!

Енді сол туралы біраз сырымды жазсам деймін. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ғой деймін,мектептегі ұстаздарымыздан «Майдангер ағалар» туралы эсселер жазу міндеті қойылды. Маған да бұл міндет үлкен ой салды. Өзімнің батыр атам туралы ауызша естігенмен, енді соны ой елегінен өткізіп, бүкіл ел білетіндей етіп қағазға түсіріп, жырласам деген ой ұшқыны санамнан кетпей қойды.

Ойланып, толғанып, өз әке-шешелерімнің білгендерінен жинақтап, мына бір мазмұндағы «Эссем» өмірге келіп еді-ау!

Менің арғы атам – ел қорғаған жауынгер болған

Менің арғы атам Мардан атамның жиені болғанымды мақтан етемін. Себебі ол елімізге жау қаупі төнген сонау тарихтан естіген Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғауға аттанған екен.

Табаны күректей 4 жыл соғыста болып,жаумен алысқан жауынгерді қалайша батыр деуге болмайды. Батыр бабамның «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алуға қатынасып, ерлік көрсеткені үшін», «Қызыл Жұлдыз», «1-дәрежелі Отан соғысы орденімен», «Берлинді алғаны үшін» медальдарын алғандығын үйдегі ескерткіштерінен көре отырып,еріксіз тамсандым. Атамның соғыс кезінде бірнеше жерінен оқ тиіп,қатты науқастанып,Ленинград емханаларында емделіп,көп қиындық көргенін де естідім. I-топтағы соғыс мүгедегі болуы – соғыс салған зардап емей немене?!

Сол соғыс салған жараның әсері кейіннен атамның денсаулығына қайта әсер етіп, 75 жасында өмірден өткен екен.

Бүгіндері Ұлы жеңіс мерекесіне 70 жыл толу торқалы тойында атам бейнесін тағы да еске аламын. Сұрапыл соғыс болмағанда,менің де атам әлі күнге тірі болып,өмір сүрер ме еді? Кім білсін?! Жер бетінде соғыс болмасын! Бейбітшілік болсын! Атам сияқты ерлердің ісі жасай береді!

Майдангер атамның батырлығын жеткізе алмаспын, олардың есімдерін мың мәртебе қайталап, есімін аспанға әуелетсем ғой, шіркін!

Соғыс аяқталған соң,менің майдангер атам, елге аман-есен оралып,бейбіт еңбекке араласыпты. Соғыстың ауыртпалығы жойылмаған ауыр күндерде ел ішінде «Әскери даярлық» жаттығуынан сабақ беріп, жастарды Отан қорғауға әзірлепті. Кейіннен ауыл шшаруашылығы саласына араласып,мал шаруашылығын өркендетуге зор еңбек үлесін қосыпты. Ферма басқарушысы, балық аулау саласында қажырлы еңбек етіп, жергілікті «Амангелді атындағы колхозда» «Құрметті колхозшы» атанғанын біреу білсе, біреу білмес сірә! Яғни менің атам бейбіт еңбекте де батыр болған десем артық айтпаймын.

Еңбек ете жүріп Мардан атам жастар арасында жиі болып, соғыс қиындықтарынан қызықты да, тәлім-тәрбиесі көп, үлгі-өнегеге тұнып тұрған естеліктерін айтып кездескенін, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге өзінің бар күш-жігерін арнағанын өзінің артына қалдырған фото-суреттерінен айқын көруге болады. Мына бір сурет соның айқын дәлеліндей елестейді.

Пешной аралында Алғашқы Совдепшілерге арнап орнатылған ескерткіш бар. Ол ескерткіш Балықшы аудандық комсомол комитетінің бастамасымен 1965 жылы ашылған екен. Алғашқы Совдепшілерді осы ауылымыздың үстімен атқа сүйретіп, азаптап, сол ескерткіш орнатылған жерге таяу апарып, атып өлтіргенін тарих айғақтайды. Батыр жауыргерлердің есімдерін тақтаға ойылып жазылған.

Сол ерлікті паш етіп тұрған ескерткіш жанына менің Мардан атам бастаған ауылдағы сол кезде көзі тірі болған бір топ соғыс ардагерлері – ауылдағы білім ордасы – Амангелді атындағы орта мектебінің бір топ бүлдіршіндерімен кездесіп,салтанатты жағдайда пионер қатарына қабылдаған екен. Осы жеткіншектерде не арман болды екен деп ойлаймын кейде мен. Біріншіден, олар – Атырауда Совдеп үкіметін орнату жолында аянбай күрескен батыр – ерлер туралы түсінік алса, екіншіден Ұлы Отан соғысы жылдарында от пен оқ арасында жүріп, майданда батырлық пен ерлік көрсеткен өздерінің жерлес аға-апаларымен бетпе-бет кездесіп, сұрапыл соғыс жылдарынан кездескен сан түрлі қиындықтарын естіп, бүгінгі баянды да бақытты шақтарды алып келіп, өздерімен бірге шатты сәтті көріп тұрғандығы кімді болса да толғандырар, елеулі шақ екені сөзсіз.

Ұлы Жеңіс! 9 Мамырда осы сөз қайта-қайта аралады есіме! Атамның ерлік істері ой елегіме өріледі.

Шындығында да аталарымыздың өз елінен жырақта мәңгілік көз жұмуымен, елге оралғандардың мүгедектігімен, аналарымыздың жас сәбилерін үйге қамап кетіп,күн-түн демей еткен жанқиярлық еңбегімен,біздің ұрпақтың әке-шешелерінің жоғалтқан балалық, көз жасымен келген Жеңіс еді бұл! Сонысымен де қадірлі. Ұмытам десе де, ешкім сол бір сұрапыл жылдарды ұмыта алмайды. Бүгінде сол аталарымыздың ерлігі – еліміздің ескерткішіне айналғандай.                

«Ұмытар ем соғыс атын, ел оны

Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп.

Және соғысты ұмыттырмай келеді,

Әкелер жайлы естелік» деп жырлағандай аталар –

Әкелер мәңгі ұмытылмақ емес.

Иә, еліміз менің Мардан атам сияқты соғыс ардагерлерін мәңгі ұмытпақ емес, ұмыпайды да!

Оның айқын дәлелі – ауылымыздағы «Ер есімі – ел есінде!» атты майданда от кешкен ардагер аға-аталарымыздың есімдерін кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге ету мақсатында тұрғызылған ескерткіш анадайдан көз тартады.

9 Мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі күні қарсаңында майдангер ағалар рухына бас иіп,тағзым етіп,гүл шоқтарын қою – бүгінгі ұрпақ мақсаты болғалы қашан. Осы ескерткіште менің аяулы да батыр атам – Мардан атамның есімі тасқа ойылып жазылған. Мен оны әрқашан мақтан етемін, батыр атамның жиені атанып,жан – жақты өнегелі тәрбие алып өсіп келе жатқанымды мақтан етемін.

Мангибаева Сабира 205-т

Халел Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік Университеті

Гуманитарлық және Өнер факультеті

Журналистика кафедрасы

0 Пікір Кіру