Құм баласы - на weekend.bugin.kz
Есентүгел - на weekend.bugin.kz Есентүгел

Құм қуған. Ауыл енді жеткізе қоймас...

Ұлы борсық құмының батыс жақ етегінде, аяғынан бастап беліне дейін көмдіріп, топыраққа түсіп шалқайып Талдықұм жатар еді. Кішігірім ауыл болатын. Шығысы ұзыннан созылған "ұлы борсық құмының" өркеш-өркеш құмы болса, батысы жазық ен дала. Құмның сай-қырында өңі күрең жəне сұр болып келетін талдар, сарғыш қоңыр, бұтағы шыбық тəріздес  шіліктер жиі-жиі  топтасып өскені алыстан көзге шалынады. Бұтағы тарбиып өсетін жиде ағашыда бұл құмның жергелікті тұрғыны. Жемісі піскенде пішіні мен түсі қарамық секілді болатын. Ертеректе қазекең "құм ық болады" деп ықтап орын тепкендей. Жазда құмның беті ысып, қызуы теуіп тұрарын пысқырмағандай. Ол кезде баламыз. Бізде пысқырмас едік. От болып тұрсада, шоқ болып тұрсада. Ойынға əр кез адал дос-пыз. Көңілін қалдырмаймыз. Олда соны білетіндей ықпайды. Əрбірден кейін ойынның өзін зорықтырар едік. Көктем шыға құмға жан бітеді. Тал-шіліктер  бас салып көктей бастайды. Тұрқы белге жете қабар шіліктер бүршік жарғанда құмға өте бір əдемі рең беріп жататын. Бүршігінің сырт келбеті сұрғылт келген түкті, пішімі моншақтай болатын. Бір  түйір моншақты дөңгелек пішінін сақтай отыра сұр мақпалмен тыстап, əрбір бұтақ ұшына қадап қойғандай. Талдыңда бүршігі тап сондай еді. Ұстасаң қолыңа жұмсақ мамықтай сезілетін. Сол көркемдігіне қызығып, айналшықтап жүріп алып, бала көзбен оңына шығып бір қарап, солына шығып бір қарап: “Мынаны ғой, тамырымен алып барып үйдің іргесіне ексе, келесі жылы қандай əдемі болып шығар еді, ə?” деген ойға келіп, аяқ астынан бағбан болып та кетуші едік-ау! Егуге шіліктен шілік таңдап, садақ жасауға талдан тал таңдап құмның ортасына кетіп қаламыз. Өрт сөндірген адамдай түтігіп шаршап-шалдығып қайтамыз. Келгенше “күшік-күшік” деп бір-бірімізді тал-шіліктің əлгі бүршік жағымен ойнап ұрып келеміз. Сол кезде құмның ішімен келе жатып, су тиген тал-шіліктің өткір исі аралас қоңыр салқын ауамен тыныстайсың. Нағыз тірі ауамен тыныстап тұрғаныңды сезінген сайын кереметтей əсерге бөленіп, өткенің көз алдыңнан тəтті түстей өтіп жатады, өтіп жатады.

– Апырай осынау ауасы бар бұл өмірді де қалдырып кете барамыз-ау, бір күні! - деп  құлазыған күйге өтіп жатасың. Сол əсерімен жеп жеңіл жетекке алып құмнан шығарып салып тұрады.  Жаз шыға аңдығанымыз  жиде еді.

– Биыл жаз жаңбырлы болды. Жиде енді бүгінде мөлтілдеп тұтас қарайып қалған да шығар, ə? - деп алқанымызды ысып жүреміз. Іргемізде өскендіктен үйден бір аттасақ жиде басында сауысқаннан сау қалған сарқытты жеп маңқиып отырар едік. Құм жиектеп жиде теріп жүргенде, жиденің біз  тікендері мен секілді құм баласының табанына тікелей кірмейтін. Арам неме таңдап жүріп, ай қарап келе жатқан қала баласының өкшесіне кіріш ете қалғанда, баж етіп бақырған ащы дауысынан төбе шашымыз тік тұрып, құйқамыз шымырлап қосыла бақырып ойсылы қарсылы жын ұрғандай жүгіріп кетеміз. Анадай қорлықтан кейін сақтанып, сол жерде біреуміз оң көзімізді ойып алып, біреуміз сол көзімізді ойып алып, қаладан келген қыз баланың, аяғының басына жабыстырып қоямыз. Содан соң бір біріміздің арқамыздан қағып:

– Көз табылар, көз табылар - иттің көзі болсада, - деп жұбатып қоямыз. Расымен қаладан келген тума-туыстың баласын ауыл адамдары көзінің қарашығындай бағып жататынын талай рет көріп өстік. Кейбір кездері бұлдырықтай бүкшең деп құм жағалап көзік қазып, май сағыз, құм сағыз теріп те жүретінбіз. Оған енді тарихтың өзі куə болатын.  Күн қыздырған құмды басудың өзі бір ғанибет еді ғой. Жалаң аяқ жүрсең табаныңа жып жылы сезіліп, тұла бойыңды баурап əкететін. Қыста білдіртпей өткен салқынның өтеуін, білдіртпей қызыл құм өтеп жатқанын біреуміз білсек, біреуміз білмес едік.
Расымен ойынға құмар болып өскенім де есімде. Көктемнің кештерінде ойнаған ойындарымыз (ақсүйек, асық, тығылыспақ, футбол, волейбол) əлі күнге дейін түсімнен де, өңімнен де кетпейді. Жаңбыр жауып, шаңды басып кеткен тынық кештерде, ауылдың шет жағында тұратын мен, орталық тұсына қарай құлағымды неміс иті секілді үнемі көтеріңкі түріп жүруші едім. Шу ете қалған балар дауысы келсе болды: “Қандары суып кетпей тұрғанында жетіп алайын” деп асығар едім. Жазға қарағанда, көктемнің тірі ауасына малынып, тай құлындай тебісіп, ойнар ойынның құдіреті бір бөлек еді ғой. Сол суретімен, сол қанық реңімен бəрі сақталған күйі, керек кезінде қынадай жүрек қайнауында бояуын шығарар еді. Жел үріп кеткен тақырлау жерді ұшы-қиыры жоқ алаңға айналдырып, қай жағынан алсаңда талғамайтын біздер футбол ойнап алаңсыз қызығына бататынбыз. Аяқ астынан ойын арасында қақпашы да, қорғаушы да, шабуылшы да өзің болып кетуің қалай? Сонда анадай тұста тіке көмген қадау тұрар еді. Шеке тұсындағы тақтайшаға қарасаң: "Құмға заң жүрмейді, құмның өз заңы бар" - деген жазу көзіңе шоқтай басылар еді. Келесі күні келсең əлгі қадауды сиыр сүйкеніп құлатып кеткен болады. Əне "құм заңымен ісіне" сыйластық көрсетпей, оған екі ұшты жеңіл қарайтындардың кім екені,  осындай əрекетімен көрініп қалатыны бар.
Одан қалса жаздың бір талма түстер, күрең кештер кезінде ауылдан ат шаптырымдай жердегі, Тебіз көліне - шомылуға баратынбыз. Бұрын соңды мардымды су келмей жүрген көлге, сол бір жылдары қар суы да, сай суы да мол келіп, арнасы толып, алыстан көздің жауын алардай мең мұңдалап, бейне бір көк теңіздей көкпеңбек болып жатушы еді-ау! Ауылға жақын жалғыз жақұтымыз да, алданыш болар бала бақытымыз да сол еді. Көзге таяқ тастам жер секілді көрінгенімен күннің шыжыған ыстығы əліңді кетіріп, тағатыңды тауысып баратын жеріңе жеткізбей қоятыны бар. Ауылдан аяғымызды нық басып, осы бір екі барып қайтатын адамдай, жігерлі болып шығамыз. Күн ыстық. Жазық далаға түсеміз. Жусанды алқап басталады. Құмға қараған да қағу. Жел соғып азда болса жеңіл тыныстайсың. Жазық дала құлақ құрышын қандырар бозторғай, қараторғай əуеніне тұнып тұрар еді. Аспанда батпырауық секілді бір орында қалықтаған бозторғайлар бірінен соң, бірі артта қала береді. Көкте шырылдап жердегі адамдарға не айтпақ болғаны да жұмбақ күйде қала береді. Бəлкім олда көзді ашып жұмғанша өте шыққан боз дəуренін боздап тұрған болар. Бұрындары ауа райы да өзгеше еді ғой. Күннің көзі қанша шыжыған ыстық болғанымен, өкпеңді қыспайтын кеңшілік бар тұғын. Таза ауа. Жаңбырлы жаз. Жаныңды семіртеді. Аспан тұтас бұлттанып, жалт-жұлт найзағайы ойнап, күн күркүреп келіп төгіп-төгіп жауғанда, төбе-төбе үйілген құмдарға дейін қақ тұратын. Көпіршіктеніп жататын. Ондай жаңбырлы күндері дала аралаған тіпті жанның таптырмас емшісі еді. Жаңбыр тиген жусанның ащы исі жел тұрса болды жер көкті шарпып, танауыңды жарады. Адамды шала жансар мас қылады. Қаныңа сіңген сайын рақатқа бөленіп, бұл өмірге қол бұлғап кете барасың. Өзіңмен бірге ықылым заманнан бері ата-бабаңның тамған көз жасымен сөз жасын қоса сіңірген қасиетті жусанның бір талын о дүниеге ала кетесің.

Сылтып басып алға қарай аяңдай береміз. Едəуір жер жүргеннен кейін көзге құйылайын деп тұрған маңдайдағы терді сүртіп қойып, шаршаңқы көңілден шыққан ынтық сөздер басталады-ай келіп:

– Көлге жеткен соң бар емес пе, ə, бəлем мен былай жыланша ирелең деп қойып кетем, - дейді Мағжан. Оның ізін шала мен:
– Арқам терлеп жабысып қалды. Көлге жылдам жетсек, түбіне сүңгіп жоқ болып кеткенім кеткен. Өлсем де шықпаспын бəлем!
– Ал, мен ше, мен итше жүзіп кетем, – деп, екі қолын қосып сермеп Қаршыға да еліреді. Суға деген желігіміз одан əрі асқына түсіп, тезірек жетуге асығамыз. Не керек қазан шұңқырының  табанында, тербеліп жатқан Тебізге де жеткенде, жағасында жүрген үйрек-қаздың қаптаған қара-ала балапандарын көріп көзіміз аларып, есіміз кетіп, шаршағанымызды, суға түсуге келгенімізді ұмытып, ұстаймын деп, қалай суға киіммен қойып кеткенімізді білмей қалушы едік қой. Сол кезде табиғаттың асқан шеберлікпен қойылар қойылымы басталады. Көлденең деп, көл шетінен торыала қаздың аналығы шыға келеді. Бір жақ тарғыл қанатын сынған секілді салбыратып жіберіп, ұша алмайтын мүсəпір күйге еніп, тап алдыңнан кесе көлденеңнен суды сабалап өткенде көзіңді байлап, ойыңды сиқырлап тастайды. Асыққан албырт оймен:
– Неге? Мынау ұшпады? Оһ, балапан, – деп əрекетіне сеніп, артынан ілесе сол жағыңа қарай ұмтылғаның да, оң жағың да қалып қойған балапандары қашып судың ортасына барып үлгереді. Ортасы өте терең. Өлсеңде ұстатпайды. Ал өзі соны сезгендей енді ұша жөнеледі. Алданғаныңды бір білесің. Бірақ аналық қаздың жан кештілігіне, шеберлігіне сүйсіне, ауызымыз ашылып таңданғаннан басымызды шайқайтынбыз. Өн бойыңды əлде бір мейірім мен толқыныстан туған сезім мұздатып жібереді. Жағаға шығып көйлектерімізді сыға бастаймыз.
– Бəрекелді, міне енді сонада келді, – дейді Мағжан.  - Құрғақ болсаң жоламайды. Олардың араны сенің үстіңнен көлдің исі, не сордың исі шықса ғана ашылады дейді. Сонда сонадан арқасын қалқалап тұрған Қаршыға:
– Балапанын ұстап алған күннің өзінде тап анасындай бүйтіп қолда баға алмайсың білем. Ертең ештеңе жемей босқа арам өліп қалады, – дейді əлгі көріністен əліде айыға алмай. Сөзбен өзімен қоса бізді жұбатып.
– Иə. Одан да сондай қазға балапан болар ма еді, ə? – дейді Мағжан, жағадағы балшықты аяғымен илеп, ұшын батыра түсіп. Өзі зерек. Бұл кезде бізді алыстан айналып, қаңқылдап маңдайында айдары бар, аталық қаз ұшып жүретін. Соны көрсетіп:
– Қоңыр, өзі бір балапандарына жақындауға құлқы жоқ, қу аталық па деймін? - деп, батпақтан аяғын шығарып сəл ойланып тұрып:
 – Бір күні екі бүркіт жабылып жүріп елікті əрең алған екен дейді. Содан екеуі алған олжаларын жеп жатса, қастарына жалма жан ұшып келіп қарға қона кетіпті. Басын біресе алдыға бір шалқайтып, біресе артқа бір шалқайтып, қутың-қутың теңселген күйі бүркіттердің қасына жетіп барып:
– Ой бір сіз болып, біз болып жабылып жүріп əрең дегенде алдық-ау, ə? - деп айтады екен. Сол секілді аталық торыала қазда алыстан қутың-қутың етеді, ə? - деп күледі келіп. Түсінгендей қосыла күлеміз. Айдары жоқ, сығымдап шығар жіңішке дыбысы бар əлгі аналық торыала қаз болатын.
Сөйтіп Тебізге əбден шомылып, итше жүзетініміз итше жүзіп, битше жүзетініміз битше жүзіп, су қызығы басылып, қарынымыз шұрылдап үйге жетуді ойлаймыз. Келген кездегі көлге деген ынтық ендігі кезекте дəл сол бояуымен ауылға ауысады. Біраз уақыт бұрын үйіңнен ішің пысып, тұншығып, көлде мəңгі қалатындай болып келген көңілің қайтадан құбылып шыға келеді.

– Бəлі, ауыл енді тіптіде жеткізе қоймас, - дейміз. Солай да, солай. Ол күндер де өте шықты.   Сол бір қызығы суымай зымырап өте шыққан балалықтың жалаң жұқа күндері, есие келе өле-өлгенше марқайып соғып тұрар, өміріңнің ең бір тұғырлы да, тұрақты жалғыз күмбезіне айналарын, ол шақта расымен кім білген? Ал бүгінде анда-санда жолың түсіп ауылға бара қалсаң, бұрынғыдай емес қуаң тартып, бозарып жермен түстес болып жатқанын көресің. Сырттан келген адамдар “бұл жерде елді мекен бар екен” деп ойламай, үстінен өтіп жүре беретіндей. Бұрынғыдай емес бірең-сараң үй қалғаны да көзге шалынады. Ауыл ішін аралап келе жатқан маған олда болса көз жұбанышындай. Төрт түліктің тұяғы сиреген соң, ауыл арасындағы тықыр жерлерге қурай мен шоғайна секілді ащы өсімдіктер бой көтеріпті. Қай бір жылдары, шөп өспей қуаңшылық болып, ауыл тұрғындары Өскемен жақтан шөп тасығанда араласып шоғайна мен қурай келген екен. Содан бері қара қытайдай қаптап құмды өлкені де жаулап алыпты. Онысы құм ұстап, бұрын асыр салып ойнайтын тақыр жерлерде тарылыпты.

– Ие, бұл жалған да бастысы ат төбеліндей алты үйдің көңілі тарылмағай деймін. Дүниеге келгеннен трамплин болған қоржынды үйімді көруге де асығамын. Келсем көршіден жұрдай болып, бұрынғы шет жақта  жалғызсырап тұрған күйі екен. Сірə, көршілеріде сол жалғыздықпен жазалағандай. Таң атса болды күніне елу-алпыс рет үйдің төбесінен секіруші едім. Сұр шифрдың сау тамтығы қалмайтын. Соның бəріне болмыс итермелейтін. Жазаның көкесін жаңбыр беруші еді. Бірақ жауынға көңілімнің құштарлығы сондай, əрбір таңымды аспанға қарап “бүгін жаңбыр жауа ма” "жаңбыр сен үзілме" деген сұрақ-тілекпен қатар атыратын едім. Не нəрсенің биік тұсынан секіру, не нəрсенің биік басына шығуға туғаннан сондай əуес болдым. Үйдің іргесінде енді ұзақ бөгелуге көңілім тартпай, жақын жердегі жал болып үйілген құмға қарай бет алам. Бос құмға аяқ тобыққа дейін батып төбесіне шықтым. Биік қырдың үстінен айналама көз салсам - бəрі анық көрінетіндей. Бəрі өз алдына бір-бір өткеннің айғағындай. Əйтседе биіктік келе-келе өзіне көтерілген адамды оқшау қалдырып, құлазытар болама деймін. Етектегілер сенен алыстап, жетім қалғандай күй кешесің. Төменге түссең ол енді сенің мекенің емес. Өзіңді өзің көруден де қалып, еркін өмір сүруден де қаласың.

– Анау тұста мойынымызға топырақ құйып ойнайтынбыз. Мына жатқан құмның қуысымен, анау ұзыннан ағараңдап тұрған мектепке баратын едік қой. Барғанда жол жөнекей, жағажайда жүргендей күнге қыздырынып жататын, топырақ түстес ақшыл қоңыр кесірткені қуып барамын. Ал мектептен қайтқанда, қолыңды бір тістесе жағы қарсып енді оңайлықпен ашылмайтын,  түрі жыландай сұсты қарашұбар кесірткені қуып қайтамын.  Ақшыл қоңыр кесірткені қуатыным бала ойымда ештеңе жоқ, өңі ашық мəз көңілім, сұсты түсті ұнатпайды. Қайтқанда тұқырта келе қарашұбар кесірткені ініне қуып тығатыным, сабақ оқымай ұстаздан таяқты жеп, сөзді əбден естіп қайтқан ашулы көңілім, сұсты кесірткені қуғанда кəдімгідей тарқайды. Шіркін, шебер дүние-ай! - деп, көз алдыма солардың бəрін елестеткен сайын, əсерлі күйге түсіп, рухым ауырлап, өмірге қарасым еселеніп кетеді. Бейне бір тұла бойыма қаптап өлі рухтар мінгесіп, көзқарасыма ортақтасып бірге қарап, бірге сезініп тұрғандай.

– Мүмкін ол рухтар осы ауылда туып өскен, бірақ тағдырына қарай бақилық болған туысқандарым, болмаса жерлестерім болар? – деген ойға қалам. Өлі рух та мына жатқан ауылда басынан кешкен өмірін, балалық шағын сағынып, дегбірі қашып, тірідей көруге қауқары жетпей, маған мінгесіп тұрған болар. Сол сəтте мен адал ниетпен өткенді көз алдыма əкелу арқылы, өлі рухтарға бұл өмірді тағы бір тірідей көруге жəне сезінуге жол ашып, үлкен сағынышын басқандай боламын. Бəлкім, бір күні болмаса, бір күні о дүниеге қайтқанда бəрімізде бұл өмірді сағынып, жер бетін тірі кезіміздегідей көру үшін, сезіну үшін тірі жүрген адамға рух болып енерміз. Онда да туған жерімізде мекен дейтін, сезінуі мен сағынышы басым адамға өлі рухымыз еніп, оның өткенге сағыныш əсерін одан əрі үдетіп, сезіну қасиетін өсіріп  отырармыз. Қабілеті артқан ол қағазға түсіріп, өткенді тірілтуге бет бұрар. Əрі оны қызғыштай қорғап, тілеуін тілеп те жүрерміз.  

Маңдайымды батысқа беріп, Тебіз көліне қарай келемін. Күннің қызуы қайтып, көк жиек қызыл күреңденіп келеді. Сəл жел тұрыпты.Басын жел тербеген жусанды алқап тіршілігі - құлазыған, су сепкендей басылыңқы мінез танытады. Жалғыз адамды өз күйіне тарта түседі. Сірə, қанша жерден туған жерің болса да, мына заманда жапанда жалғыз өзің қалып, ой бөлісер, сыр шертер қатарлас достан, құрдастан жұрдай болу, бұлқынған  жас қаныңды, жиналған арманға толы қысымды тежеп ұстау қиынның қины болар. Қара іздеп, арман қуып қалаға ағылатынмыз сөз жоқ сол ғой. Сапырылысқан ой тізбегімен Тебізге қалай жеткенімді сезбей қалдым. Бұрын шалқып жататын көл айдыны тартылып, жағалай сортаң басқан. Табаны кішігірім таяз көлшікке айналып  кеткен. Бұл жолы табиғат ана басқа қойылым қойып жатқан секілді. Көңілде “əлде адамдар ма” деген күпті сұрақта туады. Не керек жағасын жалаң аяқ аралап жүріп, жағалай көз жүгіртіп қарасам, үлкен бір қазанның орта тұсына келіп қалыппын. Ал мынау иегімнің астында жатқан Тебіз суы болса, табиғат ананың ожауына ілінбей қалған түбіндегі жұғын секілді. Ертеңгі күні бұлда ғайып болатындай. Соны ойлаған сайын ішім қыж-қыж қайнайды. Ойым азан-қазан сан жаққа жүгіреді. Сонау бала кездегі əлгі бір осы көлге түсуге келген бейнеміз елестейді. Не нəрсенің байыбына бармайтын. Терең ойлап жатпайтын. Жалаң аяқ, жалаң күндер-ай! Нағыз рақат сол екен ғой.

– Шіркін, ол кезде аспан ашық, ауыл өңі де қанық, көлі де толық еді ғой деймін. Кезінде жинақы ауыл болғанымызда ырыс та, береке де келер ме еді? Ел аяғына тұрып, ауылдарға көңіл бөлініп, халқы көп болған соң қайтседе жағдайын істеуге асығар еді ғой. Осы ауыл үлкендері айтып отырушы еді:

– Совхоз кезінде дүркіреген ауыл болды. Тараған соң жұмыс болмай көбі көшіп кетті деп. Расымен солай болар. Бірақ əлгі бала кезде  көлге түсуге қызығып, тағатымыз таусылып, үзіліп кетердей жетуші едік қой. Келгеннен кейін құлшына суға түсіп, рақатын сезініп, осы бір енді кері қайтқың келмейтін. Аздан кейін ол ойың өзгеріп, бастапқыдай емес, не нəрсенің де қызығы басылады емес пе? О, міне осы бір адам болмысы есие келеде сыр беріп, енді аузын іріге салама деймін. Бір кездері жинақы ауыл халқының ойын, тіршіліктің мысы басып, жеңгені сондай аңсары қалаға ауа бастағандай. Көз алдарына жұмыс көзі көп, қағанағы қарық, сағанағы сарық, жылы суға қолын малып отырған қала тұрмысы келгендей. Сол кезде құм қуғандай асыққан ел, үдере көшіп қалаға қалай жетіп барғанын білмей қалған секілді. Тап тура көңілі көлге ынтық болған баладай. Құмнан құрғақтай құтылып, жəйлі жерге орнығып, дүние жиғанмен күндердің бір күнінде, сонымызбен бірге қайтып құмға айналатынымыз қандай өкінішті, ə? Құм тірлігінен қашып, құмға айналар дүниені қуамыз. Арада бірнеше ай өтер. Болмаса бірнеше жыл өтер. Қаланың қызығы мен шыжығы да басылар. Тұрмыс жағдайымен өзгемен жарысудан да жалығар. Əу баста мəресі жоқ бəйгеге түскенінде ұғынар.  Жоқ. Оның жүрегі  тулап, ойы қайтадан өзгере бастайды. Бір суып, бір салқындап жабырқап, екі ұшты күйге түседі. Бала кезін, туып өскен ыстық құмын сағынады. Ендігі жерде көз алдына сол елестейді. Əрі ойланып, бері ойланып жыл құсындай қайтадан кері оралғысы келеді. Бірақ өмірге келуге қарағанда, əр кез бұл кереметтей дүниеден кері қайту ауыр болар.Қалаға бейімделіп кеткен адамға да қиынға соғатындай. Дегенмен ғайыптан тайып бара қалғанның өзінде, ауыл енді тіпті де жеткізе қоймас. Жат адамдай қасынан өтіп кеткен беті,  жұртын да таба алмас...

Есентүгел  ЫСҚАҚ

0 Пікір Кіру