Нұрбек Әмиша, журналист: Әлемдік ақпараттардың түгелге жуығы ағылшын тіліне байлаулы - на weekend.bugin.kz
Абай Тағыберген - на weekend.bugin.kz Абай Тағыберген

Болашақ стипендиятымен сұхбат

Шетелде оқу өз елінде жоқты көру, өзгенің таңсық дүниесімен танысу. Әсіресе, білімін шыңдауға аттанған қазақ жастарының дені елге оралып, түрлі көзқарастағы бастамаларды игеруге көшті. Солардың арасында журналистика мамандығын меңгерген өз әріптестеріміз де бар. "Хабар" агенттігінде қызмет атқарып келген, саяси тақырыптарға маманданған Нұрбек Әмиша "Болашақ" халықаралық бағдарламасының стипендиянты атанып, Англияның Лидс қаласында білім алуға аттанған еді. Саяси қатынастар мамандығын таңдаған Нұрбек Шынтемірұлымен сұхбаттасқан едік.

- Нұрбек мырза, сізге дүркіреген империяның мұрагері болған Британияда білім алу бақыты бұйырыпты. Жалпы қарапайым ауыл баласының "Болашақ" ар­қылы Британияда білім алуына не себеп болды?

- Шетелге барып білім алуды кім армандамайды? Бәріміз де жақсылықты көруге ұмтылып, ізденіске ден қойғанды қа­лаймыз. Бұл мақсатта "Болашақ" халықаралық бағдарламасының жастар үшін берері мол. Өзіңіз білесіз, бұрындары "Болашақпен" журналистердің оқып ке­­луіне мүмкіндік болмайтын. Тек 2014 жылдан бастап мамандық категориясына БАҚ саласы енді. Шындығында, алғашында барлық журналистер ілін­сін-ілінбесін құжат тапсырып, ниеттенді. Біз де сол дүрмекке і­лесуге ұмтылдық. Әрине, басты мәселе - тілді білу. Ағылшын тілін нөлден бастап үйрендім десем өтірік болмас. Себебі біздер Кеңес үкіметінің ең соңғы буыны ретінде мектепте ағылшын ті­лін оқымадық. Соның әсерінен тілді меңгеруге деген алғаш­қы қиындықтармен бетпе-бет келдік. Бірақ, алға нақты мақсат қойып, тіл сындыруға бел шеш­тім. "Болашаққа" түсе алмасам да, ағылшын тілін меңгеріп шығуым керек деген талап қойдым. Ең болмаса, pre interme­diate деңгейіне дейін көтеріп ала­йын деген мақсат болды. Бірақ, Алланың қалауымен еткен еңбек еш кетпеді, Болашақ сти­пендиясын жеңіп алдық.

- Дүрмекке ілестім дедіңіз ғой. Англияға аттануыңызға әріптестеріңіздің ықпалы әсер етті ме сонда?

- Ол кезде "Хабар" агенттігін­де қызмет атқаратынмын. Елбасының саяси сапарларына хабар түсіріп, түрлі тақырыптарға ізденетінбіз. Бірақ, қатарластарымның шама-шарқына, қабі­лет-қарымына қарап өзіңді сын­ға алады екенсің. Бір орында тұ­рақтап қалғандай болдым. Сөй­тіп Болашақпен баруға бекіндім. Менің Артём Истомин деген әріптесім маған мотивация берді. Егер "мен сенің орнында болсам, ойланбастан шетелде бі­лім алар едім, тек қазақ тілін білу деңгейім төмен" деп мені қайрады. Кейде біз өзімізді тым төмен санап, қазақ тілінің мәртебесін кем көретініміз бары рас. Бұл тұрғыда "Болашақтың" қазақ жас­тарының білім алуына жол ашып отырғанын ескере бермейміз. Тек сол талапқа дайын болу керек. Дайын болу демекші, ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын xалықаралық IELTS сынағын тапсыруға бардым. Одан өту қиын болды, бірақ бұл тестті тапсырып, Болашаққа қажетті баллды жинамасаң, сынақтың келесі турларына өте алмайсың. Қысқасы, сол тестті сәтті тапсырып, тілдік деңгейден өтіп келдім. Одан кейін психологиялық тест, мемлекеттік комиссия сынды сынақтарды артқа қалдырдық. Осылайша стипендиат атанып, Англияға аттандық.

- Неліктен саяси қатынас мамандығын жақын тарттыңыз? Бұл біздің елде кемшін түсіп жатқан сала ма?

- Оқуға түскеннен кейін қа­жетті елді, кейін университет пен мамандықты таңдауың  керек. Мен ұзақ ойланбастан Ұлыбританияға таңдау жасадым. Оның ішінде Англияның Лидс қаласындағы Лидс университетінде "Саяси қатынастар" мамандығында білім алдым. Журналистиканы елде 4 жыл оқығаннан ке­йін, өзге саланы көрейін деген ішкі ой болды. Оның үстіне "Хабар" агенттігіндегі кейбір саяси тақырыптардың жігін ашып көр­сету үшін жаһандық білімнің керегі білініп тұрды. Бас-аяғы 2 жыл ішінде тілді де, мамандықты да үйреніп шықтық. Әрине, академиялық өлшеммен қарағанда, 1 жыл тым қысқа уақыт. Оның үс­тіне ағылшын тілін мектеп жасынан үйренбегендіктен, өзге қазақ балаларынан көбірек оқу, көбірек кітапxанада отырып, барынша білім жинау керек болды.  Қал-қа­дірімізше елімізге қажетті ілім-білім алдық.

- Білуімізше, диссертация тақырыбын саяси қақтығыстарға бағыттаған екенсіз. Мұның қандай да бір себебі бар шығар.

- Менің диссертациялық тақырыбым: дәстүрлі жә­не әлеуметтік медианың (әлеу­меттік желі) митинг ұйымдасты­ру­ға пайдалану бағытына арналды. Авторитарлы контекстке басымдық бердім. Себебі дамыған батыс елдерінде бұл тақырыпқа қызығушылық жоқ. Оның үстіне Араб көктемі, Украина, Сириядағы қақтығыстардағы ушығып тұрған мәселелерді зерттеуге мүм­­кіндік алдық. Университетте топтық жұмыс аясында Сириядағы ахуалды зерттеуге ұмтылдық. Анализ жазып, қорытынды шығардық.

- Нұреке, өзіңіз жақсы білесіз, біздегі медиакеңістік Батыс пен Шығыстағы халықаралық тақырыптарды Ресейдің дереккөздері арқылы оқырманға ұсынады. Яғни жаһандық тақырыптарда әлі де ақпараттық бағынушылық бар. Бұл мәселені жолға қоюдың жолдары бар ма?

- Журналистің бірінші принципі обьективтілік дейміз ғой. 100 пайыз шынайылық болмайтыны белгілі. Меніңше, журналист ха­лы­қаралық тақырыптарды ұғы­ну үшін ағылшын тілін жетік меңгеруі керек. Себебі дереккөз­дердің түгелі жуығы ағылшын тіліне байлаулы. Егер де біз ресейлік көзқарастағы ақпараттық тәуелділіктен құтылғымыз келсе, ағылшын тілін білуіміз керек. Қазақтың көзқарасымен қарау үшін тілдік талапты күшейту қа­жет. Сонда ғана қазақ тілді көзқарастағы орта қалыптасады. Қазір халық ақпаратты оқып қана қоймай, пікір жазып, өз көзқарасын жаза алады. Бірақ кейбір саяси жанжалдардың артында әлеуметтік желінің ықпалы бар деген пікірлер де айтылып жүр. Менің зерттеу тақырыбым осы мәселеге арналған.

- Сонда шетелдік ғалымдардың пайымдауынша, саяси шерулердің астарында әлеуметтік желінің ықпалы әсер етпей ме?

- Әрине, оған әр түрлі себептер бар. Саяси митингілерді ұйымдастыруда әлеуметтік же­лінің ықпалы мол деген көз­қарас­тар бары рас. Бірақ ғалымдар бұған басты себеп әлеу­меттік желі емес дейді. Себебі әлемдік геосаясатта орын алған "Араб көктемі" жағдайында ел ішінде әлеуметтік желінің пайдалану деңгейі төмен болған. Әлеуметтік желілер демократиялы не дамыған мемлекеттерде емес, автократиялы елдердің билігіне қарсы жұмылу үшін қарсы күш. Біз кейде желіге сынап жазған дүниемізді билік қарап отыр деп мәз боламыз, алайда билік осы желі арқылы жазылған жазбадан сенің көзқарасың мен мәліметтер базаңды толық білуге мүм­кіндік алады. Сондықтан да бұл мәселеде түрлі көзқарастар болатыны заңдылық.

- Енді әңгімемізді тілді игеру мә­селесіне бұрсақ. Қарапайым қа­зақ­тың ауылында өскен азамат ретінде кейінгі толқын жастарға тілді мең­геруге талпынысын арттыру үшін нендей қадамдарға бару керек?

- Тіл үйренудің нақты формасы жоқ. Біріншіден, мотивация керек. Адам өзіне "мен неге өзгеден қалып қойдым" деген сұ­раққа жауап іздегені дұрыс, яғни ішкі қорқынышы болу керек. "Хабар" агенттігінде жұмыс істегенде өзімнен кейінгі жастардың ағылшын тілі деңгейінің өзімнен жоғары екенін байқап, ойланып қалдым. Егер мен осы қарқынмен жүре берсем, 5 жылдан кейін керек болмай қалуым мүмкін деген ой келді. Себебі Кеңес үкіметі кезіндегі алған біліммен отыра беруге болмайды. Бастыққа жағынып, жұмыста қа­луға мүкіндік қа­шан да табылады. Бірақ, бұл білімге бет бұрған азаматтың тірлігі емес.

Ағылшын тілін меңгеруге талпынып жүрген мақсаттас адамды іздеу керек. Тайм-менеджментті де біл­ген артықтық етпейді. Негізінде тіл­ді үйрену қиын емес. Бір ғана ютубтан біраз мәліметтер жинауға болады. Өзіне қызық қысқа әңгімелер не газеттерден ағылшын ті­лінде ақпарат ала алған тиімді. Өзім газетті жақсы көретін бол­ғандықтан, тез оқып, оны аударуды меңгердім. Сосын аудиоподкастарды интернеттен тауып алу керек. 30-дан астам тілді меңгерген Дмитрий Петров есімді маман "тілді құлақ арқылы естіп үйренгенің пайдасы зор" дейді. Меніңше, тілді меңгермеген адам әуелде тіл курсына бар­уы керек. Ағылшын мұғаліміне қарағанда, қазақ мұғалімдері ағылшын тілін әлдеқайда жақсы түсіндіреді. Себебі өздері де солай үйренген.

Тағы бір ескеру керегі, ағылшын тілінде ұзақ нәрсе тыңдамау керек. ВВС-дің жаңалықтары, киноларды көп қараған дұрыс. Өзімде де күніне 5 сөз жаттау деген тәсіл болды. Сөзді жаттағанда да оны жалғыз жаттамау керек. Сын есімдерді антонимдерімен бірге жазу керек. Керек болса, сол сөзді құрастыра отырып, сөйлем жазған пайдалырақ. Сосын сөзді контекстте жаттаудың эффектісі көп. Өз тәжірибем бойынша, жаңа сөздерді үйдің бүкіл бөлмесіне қағазға жапсырып, соны бір қарап, ойымда қалдыруға тырыстым. Негізгі базалық грамматиканы қағазға басып, оны да іліп қойдым. Соңғысы, жеңіл тексттер тауып, сағат таң­ғы 6-7 де далаға шығып, дауыс­тап оқыдым. Өз даусымды дикто­фон­ға басып, тыңдап қатемді түзедім. Ағылшын саясаткерлерінің интервьюлерін тыңдап ютубтан, оны қайталадым. Сан мәрте...

- Сіздің 1 жыл ішінде ағылшын тілін меңгеріп алғаңызға әріптесте­ріңіздің пікірі қандай? Ағылшын қо­ғамының өз тілін үйренушілерге деген көзқарасын байқай алдыңыз ба?

- Қоғам таң қалады деп ойламаймын. Профессорлар, мұға­лім­дер сөзсіз қолдау білдіреді. Олар әрбір іске құрметпен қарайды. Кейде жергілікті ағылшын азаматтармен сөйлессең, таңғалушылық болады. Марк деген ағылшын азаматы Шымкентке келіп, бірнеше айда қазақ тілін меңгерген екен. Сол кісімен ара-тұра тілдесіп тұрамыз. Университетте тіл алмасу үшін арнайы сөйлесу бұрышы бар. Яғни, сен өзіне қажетті тілді меңгерген адам­мен тілдесе аласың. Бұл тілді үйренуге таптырмас әдіс.

- Шетелге барғанда Қазақстан туралы ойым өзгерді дедіңіз. Сіздің көзқарасыңызды бұруға қандай жағдай себеп болды?

- Жасыратыны жоқ, шетелдіктер Қазақстанды демократия­лы ел деп санамайды. Өйткені оларды елдегі арнайы зерттеу, сөз бостандығы, медиа еркіндігі, сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша көрсеткіштің төмендігі алаңдатады. Бір байқағаным, шетелдіктердің Қазақстан туралы жан-жақты зерттеу жүргізетініне таңқалдым. Әсіресе, саяси оқиғаларды зерттеуге ұмтылысы ойландырады.

- Ұлыбритания десе 90 жасқа аяқ басқан ел билеу ісіндегі ІІ Елизавета патшайым еске түседі. Тақ мұрагерінің саяси шешімдеріне халықтың көзқарасы қашанда түзу екенін байқаймыз. Жалпы оқуда жүрген 2 жыл ішінде қандай саяси оқиғалардың бел ортасында болдыңыз?

- Оқудан бас алмай, көп уақытымның болмағаны ақи­қат. Дегенмен ел ішінде ең көп талқыланған тақырыптың бірі Ұлыбританияның Еуродақтан шығуы, яғни Brexit. Альбион аралындағы ағылшындардың осы мәселені әлі күнге дейін тал­қыға салып келгені екі жақты көзқарастың бар екенін көрсетіп отыр. Брекситке қарсы саяси митингілердің біріне де өзім қатысқан едім. Жалпы басты тақырыптың бірі осы. Ұлыбритания премьер-министрінің сайлауы біз оқыған сәтке тұспа- тұс келді. Сол саяси шарадағы ағылшын азаматтарының дауыс берудегі шешім қабылдауы, сая­си сауаттылығы туралы зерт­теу­лер жасадық. Нәтижесінде, Ұлыбритания азаматтарының индивидуалды өмір салтын ұстанып, қоғамнан оқшау жеке өмір сүру салтын ұстанатыны олардың саяси белсенділігінің төмен болуына әсер еткенін анықтадық. Себебі саяси бағдарламалар, сайлауалды кампаниялар xалық арасында кеңінен талқы­ланып, сарапталса ғана азаматтар өз қалауына сәйкес шешім шығарады.

- Білім алып келдіңіз. Қазір жер-жерде медиамектептер ашылып жатыр. Телевизиялық мектептер де жастарды танымалдылыққа шақырып тұр. Саяси тақырыптарды меңгеріп келгеннен кейін журналистерді даярлайтын мектептер ашу ойда бар ма?

- Идеялар өте көп. Тіл курсын ашып қою аздық етеді. Бі­лімге тереңірек баратын орталықтың керегін сезінемін. Өзге де мақсаттарым бар. Жоспардың орындалғаннан кейінгісі қы­зықты. Сондықтан алдағы уақыт еншісіне қалдырайық.

- Нұрбек, ашық әңгімеңізге рақмет! Ел игілігіне қызмет ете беріңіз!

Сұхбаттасқан

Абай Тағыберген

0 Пікір Кіру