Жеңгейдің айласы - на weekend.bugin.kz
Марат - на weekend.bugin.kz Марат

Проза

Бір ағайдың қарала сиыры бар. Бұқаға салайын десе ауылдарында бұқа жоқ екен. Аға-жеңгеміз, "Сиыр өрісте жүргенде көрші ауылдың бұқалары шұқыған шығар"- деп жүре береді. Ағай, жылда жаңажыл өтісімен бұзаулайтын сиырының желініне назар салып байқаса қараша айы туса да Қарала буаз еместігіне көзі жетеді. Үйдегі қабырғасына:

– Мына сиыр қашпай қалыпты. Сатып жіберейік. Ақшасына автобөлшек алып машинамды сықитып алайын да қала мен екіортаға қатынайын. Ауданға қатынаған ақша майымнан артылмайды. –деп, қайткенде де Қараланы сатуға көндіргісі келеді жеңгемізді. Бірақ, жеңгейдің Қарала жөнінде өз ой-жоспары бар екен:
– Өеба-а-ай, сенің-ақ «запшәстің» таусылмайды. Жылда осы сиырдың бұзаулары суалысымен-ақ сатасың да жібересің. Жұрт сияқты мал басын көбейтуді еш ойламайсың. Анау, жаман Зибагүлдің өзінде төрт сиыр бар. Екеуі жазда, екеуі қыста туады. Туғанда да ылғи ұрғашы туады-ау осы жұрттың сиыры. Қысы-жазы сол сиырларының сүтінен пайда көріп отыр. Бір сиырының сүтін сатса, екіншісінікін өздері ішеді. Қараладан не жамандық көріп отырсың?! Оны сатып не пайда табам дейсің?! Сол сиырдың арқасында емес пе аузыңа ақ тиіп отырғаны. Апамның сүтпен шай ішпесе басының сақинасы ұстап қалатынын жақсы білесің. Сенің таксиіңнен түскен ақшаң сол машинаңнан-ақ артылмайды. Біресе майыңа, біресе анауын ауыстырам, біресе мынауын ауыстырам дейсің де тұрасың, ылғи. Тойға барғанда мінбей-ақ қой деймін осы мәшинаңды. Жүз грам ішесің де жолполиттерге түсіп айыппұл тағы төлейсің. Анау, Сәбитті, Болатты немесе Аханды неге ұстамайды солар?! Олар да сол тойға барады. Олар да сенімен ыстыхан соғыстырып жүз грам ішеді. Бірақ жолполиттер тек сені ғана тоқтатады... 
Жалғыз сиырды сатып қара шай ішіп отырамыз ба енді Кеңескүл сияқты. Сатпайсың!...
– Болды-ә! Қашпай қалған соң ендігі жылға дейін құр босқа бақ дейсің бе Қараланы? Жем-шөп қымбат. Сатып жіберейік те орнына қашар сатып алайық. Артылған ақшасына су жаңа коробкі алсақ екі жеп биге шықпаймыз ба?!
– Піштуу! Мә, шығарсың екі жеп биге! Жұрт, қайбір дені сау қашар-сиырын сатады дейсің. Құтыла алмай отқан малын сатады да. Ұлттық тест уақыты жақындап қалған кез болса бір сәрі. Ол кезде жұрт балдарын оқуға түсіру үшін амалсызда сатады малдарын... 
Өзіміздің Қаралаға ешбір сиыр жетпейді. Сүтті бір шелек қып беретінін айтпай-ақ қояйын, сүтінің қоп-қою, әрі майлылығын айтсаңшы... 
Өее-баай, сатам деуін қарай гөр мынаның. Бұл Қарала тек біздің ғана емес, анау, ынжық бауырыңның үйін де асырап отыр. Тапал келінің аңлып отырып Қараланы сауған бойда қолына үлкееен тостағанын ала сумаң-сумаң етіп жетіп келеді өтірік күліп. Бір бау шөп немесе бір қап жем алып беруді білмейді соларың. Нан-пан қалдықтарын сұрай қалсаң, "– Өзіміздің Құтжолға береміз" – деп қиқым да бермейді ініңнің қаншық қатыны. Қараланың сүтін ішкенде жақсыы... 
Сатпайсың Қараланы! Сатып алған қашарың қайбір жетістіріп сүт бере қояр дейсің. Оның үстіне жас мал тебеген, асаулау келеді. Оны жуасытам дегенше, өріске үйретем дегенше қанша уақыт кететінін білесің бе өзің? Сен таксиден, мен болсам базардан, ал балдар сабақтан қолдары тимейді. Сатпайсың Қараланы! Бітті!–деп, ашуынан қайтпастан:
– Қазір барамын да малдәрігерді әкеліп қолдан ұрықтандырамын Қараланы.
Жеңгейдің мына шапшуына ағайдың шыдамы таусыла:
– Болды-ә! Не қылсаң о қыл. Егер осыныңнан бірдеңе шықпаса жаңажылдан соң сатамын да жіберемін Қараланы.–деп, шайын да жөнді ішпестен тысқа қарай беттейді.
– Осы сенің жының-ақ Қаралаға тиеді де тұрады. Мәшинаң сыр бере бастаса болды, "Сатам, сатам"- деп қақсайсың да тұрасың. Одан да Сәбиттер сияқты түнде «таксавать» етпейсің бе?! Түнде «таксавать» етсе клиенттер екі-үш есе қымбат төлейді дейді ғой Сәбиттің қатыны... Қит етсе болды жыны Қаралаға тиеді осы бір албастының...–деп, шүйліккен жеңгейдің сөзін аяғына дейін тыңдауға жүйкесі шыдамаған ағай сыртқа шығып кетеді.
Қалайда Қараланы сатпаудың амалына кіріскен Шипіт жеңгей іске білегін түре кіріседі де, бірер сағаттан соң малдәрігерді ертіп әкеліп сиырын қолдан ұрықтандырып алады.
Арада біршама уақыт өткен соң сиырының буаз екенін білмек болып бармаған көршісі, танысы, ақылшысы, сырласы, подружкалары қалмайды.
Малдәрігердің:
– Еш қам жемеңіз, сиырыныз өз уақытында туатын болады. Ай-күні жақындағанда бір хабарласыңыз?!–деген сөзіне қанағаттанбаған Шипекең, сиырының көтерген-көтермегендігін анықтау үшін өмір бойы сауыншы болған Қисық абысынына да, ауыл ғана емес бүткіл аудан, облыс, ел және жалпы дүниеде болып жатқан кез-келген өсек, жаңалықтардан хабардар Кобра абысынына да, тіптен қазақы салттың бәрін білетін, тоқсанның үстіне шығып отырған Генерал абысынына да барады. Сұрастырғанын базардағы таныс қатындары білмегендіктен олар да өздерінің таныстарынан сұрастырармыз деп кеткен болатын өткен жолы. Бірақ, базар қатындарының таныстарының да, таныстарының таныстарының арасында да бұл мәселе жөнінде білетін адам болмай шығыпты. Керек десеңіз ең білгіш Айман құмалақшы да турасын айта алмапты. Аталған азаматшалардың ешқайсысы сиырды қолдан ұрықтандырудың нәтижесі жөнінде жөнді ештеңе айта алмаған соң аудандық перзентханадағы Доқтыр келінінен кеңес сұрай барады.
– Өй, жеңше, соны да проблема деп жүрсіз бе? Аптекадан тест сатып алыңыз да Қараланың дәретіне батырып тексеріп көріңіз. Адам мен мал ағзасының айырмашылығы шамалы-ақ. Кей кездері тіптен еш айырмашылығы да бола бермейді.–деген кезде Шипіт жеңгеміз қос бетін кезек-кезек шымшылап таңдайын қайта-қайта қаға:
– Өләәәә! Сол қалай миыма кіріп-шықпаған.–деп, үйіне қарай екі өкпесін екі қолына ұстап ұша жөнеліпті. Жарты жолға келгенде бірдеңе есіне түсе кете, кілт тоқтай қалып қайтадан кері бұрыла аптекаға соғып керегін алған соң жолын жалғай түсіпті. 
Ертесіне, таң атпастан ұйқысынан оянып қолына екі литрлік банкісін ала Қараланың артын аңлиды. 
Шипіттің бұл аңлысын көрші Сумаң келіні өз мал қорасының тесіктерінен сығалаумен болады.
Арада үш-төрт өсек айтып тастайтын уақыт өткен соң Қарала аяғын талтайта бастағаннан-ақ банкісін дәрет алғалы тұрған сиырының артына тоса қалған Шипіт жеңгей қолындағы ыдысын сідікке толтырып алып аяғын асыға баса үйіне кіріп кетеді.
Үйге кірген бойда қолындағы тестісін банкідегі сұйықтыққа батырып нәтижесін білген соң қуаныштан жүрегі жарыла жаздап:
– Ұрррәәәәә! Қарала буаз екен.– деп айқайлап жібергенде, керуетінен Шипіттің көмегімен "Үһһһ-Аһһһ" деп ыңырсып, ыңқылдап, зорға дегенде тұратын енесі төсегінен ұшып тұрып дәліз есігіне қарай үш-ақ аттап жете есіктен басын сумаң еткізіп:
– Шипітжан-ау не болды? Аманшылық па әйтеуір?! –деп шәңк ете қалса, жұмыстан кештеу келген ағай екі көзін ұқалап тұрып:
– Өй, әкеңңңаааузы, не болды-ә!? Адамды ұйқыдан оятып. Таң атпай айқайлап, ә!? Байың өлдіма, ннннә.– деп, ірің басқан көздері бажырайып кетіпті.
Шипіт жеңгей болса өзі ұл көтергендей қуанып, өмірі құшақтап көрмеген енесін құшағына алып, үйленгенде ғана сүйіп көрген күйеуінің бетінен шүп-шүп еткізіп сүйіп-сүйіп алыпты.
Дәл осы сәтте үйге көршінің келіні ентіге кіріп келіп:
– Жеңше! Таңатпай банкімен нағып жүрсіз Қараланың қасында? – деп, ойына дамыл бермей, миын жеп, мазалап бара жатқан сұрағына жауап алмақ болған Сумаң аман-саулықты ұмыта қарааап тұр дейіт аузы ашылып.

0 Пікір Кіру