Иван Бунин: "Иерихон райханы" - на weekend.bugin.kz
Асылан Қуанышұлы - на weekend.bugin.kz Асылан Қуанышұлы

Әңгіме

Ежелгі Шығыста өмір мәңгілік деген наным бойынша, өлген кісі қайта тірілер деген дәмемен марқұмның қабіріне Иерихон райханын бірге көметін салт бар екен.

Тек Өлі теңіздің төменгі жағындағы елсіз құладиен Синай жоталарындағы қиыр құмдарда ғана кезігетін біздің жақтағы қаңбақ тәрізді шөлге өсетін құп-құп тікенек шөптің райхан, тіпті ол аз дегендей дабырайтып Иерихон райханы аталғанына айран-асыр қаласың. Бірақ, оны осылай атаған Иудей шөліндегі тырдай жалаңаш өлі аймақ. От алқабын қоныстанған әйгілі Савваның өзі көрінеді-міс. Ол осы бір тағы даланың тағы шөбін мәңгі өмірдің, қайта тірілудің бейнесі деп таныған аңғал нанымды дүниедегі өзі білетін теңеу сөздердің ішіндегі ең ұнамдысы, ең тауып айтылғаны деп санапты.

Өйткені сол түз қаңбағы, шынында да тамаша шөп. Жиһан кезген жолаушы оны жұлып алып кетсе, ондаған жылдар бойы құп-қу сұп-сұр болып жата береді де пәлен жылдан соң суға малсаң, со бойда бүр жарып, ұп-ұсақ жапырақтарын жайып, қызғылт гүл ашады.Оны көргенде адам байғұстың жүрегі бір түрлі қуанышқа бөленеді: дүниеде өлім деген жоқ екен, бір кезде өмір сүрген тірлікті ештеңе күйрете алмайды екен! Менің Жаным, менің Жадым, менің Махаббатым тұрғанда қайғы да, қаза да, айырылыс аза да жоқ екен! - деп ойлайды.

Мен де осылай бір кезде аяғым тиген күн шұғылалы ежелгі елдерді, өмірімнің шаңқай түсіндей шад-шадыман күндерімді, өн бойымды күш кернеп, үміт билеп, ақтық демім біткенше өмір серігім болуға бұйырған ғазиз жанмен қол ұстасып,алғашқы алыс жол шеккенімді, үйленгеннен кейінгі ақ неке серуеніне шығып, киелі ием Ғайса пайғамбарым жатқан мүбәрәк өлкеге тауап етіп қайтқан сапарымды ойыма түсірем де көңіліме ұлан-ғайыр жұбаныш табам. Мәңгі тыныштық пен ұмыт жылдардың ұлы саясында оның мекені-Галилейлер алқабы, иудей жоталары, Бесқаланың сорлары мен тақырлары бей-жай көлбеп жатты. Бірақ, көктем кезі еді, қайда барсақ та Баяғы Рахила тұсындағыдай айнала қызғалдақ пен сарғалдақ ырғала жайқалып, түздің уыз аппақ гүлдері баяу теңселіп, рахатқа кенелген мәз-мейрам қуанышты, інжілдегі аңыздардан үйреніп ап,қаннен-қаперсіз бармақтай-бармақтай көк құстары тамылжыта сайрап тұрды.

Иерихон райханы. Жүрегімнің нәрі мен махаббатымның, қайғы-қасіретімнің, наз-мұңымның тұп-тұнық бұлағына өткен өмірімнің тарам-тарам елестерін шым-шым батырып қоям да- көз алдымда қайтадан гүлдей құлпырып жайнап шыға келген баяғы дәуренімді емірене, еліте отырып еске аламын. Жүрегімнен әл кетіп, көңілімнен нәр біткенде, сезімімнің мөлдір бұлағының көзі тартылып, көзімді кіреуке жапқанда-менің Иерихонымның райханы да бір жола солады, бір жола өледі.

Тәржіман – Әбіш Кекілбаев

 


0 Пікір Кіру