Пьета - на weekend.bugin.kz
Асылан Қуанышұлы - на weekend.bugin.kz Асылан Қуанышұлы

Өлең

"Әлди, әлди..."

Әлі де

Өзің жапқан терезе желкөзі

Теңіз иісімен тыныстайды,

Өзің жапқан гүлді перделер

Айдың көз сұғынан,

Жұлдыздың тіл сұғынан

қорғайды.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.


Әлі де  

Алғаш ораған құндағыңдамын,

Тербелем жүрегің ұшында.

Табанымдағы ерніңнің дабына

.Шаң да қонып үлгермеді.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.


Қарын шашым өсіп,

Кіндігім қатпады.

Сүйегім - шеміршек.

Терім түлемеді әлі де.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.


Әлі де

Еңбегім алақаныңдай жұмсақ,

Алақаным құшағыңдай ыстық...

Таңдайымдағы ақ сүтіңнің дағын

Шашыңнан көретін көзіме ғана,

Әке бейітіне апарар бұралаң жолды

Маңдайыңнан көретін көзіме ғана 

түсті әжім...

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.


"Жылама, әлди, жылама,

Жылама, әлди, жылама,

Жылама, әлди, жылама..."

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

0 Пікір Кіру