Қытай су жібермей жатыр: Балқаш көлі тартылып қалуы мүмкін - на weekend.bugin.kz
Bugin.kz - на weekend.bugin.kz Bugin.kz

Аралдың тағдыры адамзаттың есінде

Аралдың тағдыры Балқаштың да басынан өтуі мүмкін. Бұл жайында Орталық Азия су ресурстарын басқару мәселелері бойынша Алматы қаласында өткен халықаралық конференцияда айтылды. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстаннан жиналған ғалымдар Арал бассейні мен Балқаш көліне төнген қауіп жайында кең тоқталды.

Арал теңізінің тартылуы мен одан кейінгі экологиялық апат Орталық Азия елдеріне орны толмас зардап әкелді. Соның кесірінен Арал маңына қоныстан халықтың басым көпшілігі кедейшілік пен тұрмыс тауқыметіне ұшырады.

Енді ғалымдар Аралдың кебін Балқаш да кеше ме деп қауіптеніп отыр. Мәселенің барлығы – Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімнің жоқтығында екен. Соның кесірінен Қазақстан Қытай жіберген суына ғана тәуелді болуға мәжбүр. Ал трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімге Қытайдың өзі қол қоймағаны бәріне белгілі.

Ғалымдар 2020 жылы Қазақстанға Қытайдан ағып келетін өзендердің жылдық мөлшері 81,6 текше шақырым болса, 2030 жылы ол 72,4 текше шақырымға дейін азаюы мүмкін деп отыр.

- Қытай суармалы жерлерді кеңейтуге көңіл бөліп отыр. Бір жылдың ішінде суармалы егістіктің аумағы 2 млн гектарға дейін көбейген. Ал Іле өзені Қытайдағы егістіктің қазіргі уақытта 1 млн гектарын суарып отыр. Іленің суы жыл сайын азайып барады. Қазақстанға бұл кәдімгідей сезіліп жатыр. Ал Іле өзені болса, Балқашқа құятын судың 80 пайызын әкелетін арна! Балқаш та Аралдың кебін киюі мүмкін деп шырылдап отырғанымыз содан. Қазір қазақ-қытай комиссиясы бұл мәселе бойынша жұмыс жасап жатыр. Бірақ бәрібір де көп нәрсе көрші елдің қолында болып тұр, - дейді «Казгипроводхоз» институтының директоры Анатолий Рябцев.

Қытай елі егістікті суарудың заманауи әдіс-тәсілдерін қолданады. Сондықтан олар суды үнемдей алады. Бірақ Қазақстандағы шаруалар әлі күнге дейін егінді атызбен суарады. Оның үстіне, Қытайдағы магистральды арналардың көбі бетонмен салынған, су ешқайда кетпейді. Ал Қазақстанда ондай жоқ.

Forbes.kz

0 Пікір Кіру