26 желтоқсан күнгі кинопремьералар - на weekend.bugin.kz
patick - на weekend.bugin.kz patick

Бүгін Қазақстан прокаты үшін сирек құбылыс: қатарынан үш отандық картина шықты

Одан бөлек, бір мюзикл мен ресейлік комедиялар бар.

«Қазақша бизнес Кореяда» Бизнес по-казахски в Корее») [14+]: Жаңа жыл алдындағы прокаттың дәстүріне айналып үлгерген отандық киносерияның жаңа бөлімі. Нұрлан Қоянбаев бастаған команда тағы да көрерменнің көңілін көтермекші.

Оқиғасы Жомарт Қанатұлының отелінде өткелі жатқан халықаралық конференция қарсаңында болады. Онда жаңа техника түрлері таныстырылады. Жомарт сол себепті отелді жоғары технологиялық тұрмыс техникасымен жарақтай бастайды. Швейцар Бақдәулет өте қымбат жабдықты сындырып алады. Оны тек Сеулде ғана жөндеуге болады. Кейіпкерлер сол үшін Оңтүстік Кореяға аттанады. Бұрынғыдай келеңсіз оқиғаларға ұрынбау үшін Еркошты Қазақстанда қалдырып кетеді.

«Off-line каникул 2» («Каникулы off-line 2») [12+]: Жыл басында шыққан отбасылық комедияның екінші бөлімі. Жобаға Ақан Сатаев продюсер болды.

Бұл жолы басты кейіпкер Қайрат ірі компанияға басшылық қызметке кетеді.«Аулкемп» лагерінде басты жауапты адамдар ретінде өзінің ебедейсіз достары Дастан мен Болатты қалдырады. Олар, өз кезегінде, лагерьді бір-біріне қарсы күресетін екі топқа бөліп жібереді.

«Ва-Банк» [12+]: Құралай Анарбекова жетекшілік еткен тағы бір отандық комедия. Фильмді Әлішер Өтев түсірді. Ол «Брат или брак» фильміне сценарий жазып, екінші бөліміне режиссер болған еді.

Марат 10 жылдан бері істеп келе жатқан банктің директоры болғысы келеді. Құрылтайшы бұл орынға өзінің күйеу баласын қояды. Ал Маратты кассир қызметіне төмендетеді. Көп кешікпей ол ипотекасын төлей алмай, өзі істейтін банкке пәтерді қайтарады. Марат банктен кек алу үшін оны тонамақ болады. Айналасына өзі секілді жәбір көрген клиенттерді жинайды.

«Мысықтар» («Кошки» / «Cats») [12+]: мюзикл қойылымға негізделген британ-америкалық фэнтези. Актерлік құрамда Идрис Эльба, Иэн Маккеллен, Тейлор Свифт, Ребел Уилсон, Джеймс Корден, Джуди Денч, Дженнифер Хадсон секілді жұлдыздар бар.

Жыл сайын мысықтар арасында әлемдік бал өтеді. Оған жан-жақтан мысық атаулының бәрі жиналады. Арасында тектісі де, тексізі де, жасы мен кәрісі де, үйде тұратыны мен көшеде мекендейтіні бар. Мысықтар осы балға несімен лайық екенін көрсету үшін өзі туралы әңгімелейді.

«Холоп» [12+]: Ресейде түсірілген комедия. Басты рөлде серб актері Милош Бикович пен Александра Бортич ойнайды.

Фильмде Гриша есімді байдың баласы туралы айтылады. Ойына келгенді істеймін деп тым шектен шығып кетеді. Оны енді түрме күтіп тұр. Ұлын жөнге салғысы келген әкесі ерекше амалға барады. Алыстағы деревнядан тоқсаныншы жылдардың атмосферасын жасайды. Гришаны сонда жіберіп, өткен шаққа тап болғандай қылып сендіреді. Айналасындағы актерлердің міндеті – оның өмірі мен мінезін өзгерту.

Бұлардан бөлек тағы екі ресейлік жоба шықты: «Союз Спасения» тарихи драмасы мен «Иван Царевич и Серый Волк 4» мультфильмі.


1 Пікір Кіру