Шымкентте «Мен – анамын, ақынмын, әлемді ойлар» атты шығармашылық кеш өтті - на weekend.bugin.kz
Bugin.kz - на weekend.bugin.kz Bugin.kz

Ханбибі Есенқарақызының 70 жасқа толған мерейтойы

Шымкентте халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 70 жасқа толған мерейтойына орай «Мен – анамын, ақынмын, әлемді ойлар» атты шығармашылық кеш өтті.

Поэзия әлемінде қайсарлық пен ақиқаттың алдаспанындай жарқыраған қаламгеріміздің кеші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясынан басталды. Ары қарай көпшілік кеш иесіне арналған кітап көрмесін тамашалады. Мерейтойлық іс-шарада Ханбибі Есенқарақызының 10 томдық кітабының тұсауы кесілді.

Аталмыш мерейтой иесін құттықтауға елімізден бөлек Өзбекстан, Қырғызстанның және басқа да түркітілдес елдердің зиялы қауым өкілдері де келді. Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Ханбибі Есенқарақызының еңбектеріне тоқталып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Ілтипатқа бөленген ақынның мерейтой кеші ары қарай Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының залында жалғасты.

Жиында қала әкімі Ерлан Айтаханов ақынды мерейлі жасымен құттықтады.

– Сіздің өлеңдеріңізден нәзік иірімдермен қатар отансүйгіш қасиетіңізді де байқаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасуына қосқан үлесіңіз де ерен. Поэзия мен прозаның жүгін бірге көтеріп келесіз. Әдебиет әлемі арқылы еліміздің руханиятына баға жетпес еңбек сіңірдіңіз, - деді Ерлан Қуанышұлы.

Х.Есенқарақызының шығармашылығы жөнінде ақын Әселхан Қалыбекова мен филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыптан бастап бірқатар ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалымдар өздерінің жүрекжарды пікірлерін айтты.

Кеш иесі салтанатты іс-шара соңында жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, көрсетілген құрметке ешқандай марапаттың тең келмесін жеткізді.

0 Пікір Кіру