Шымкент: Қалада осы жылы қолданысқа берілген нысандар туралы не білеміз? - на weekend.bugin.kz
Bugin.kz - на weekend.bugin.kz Bugin.kz

Биыл қалада бой көтерген нысандарға шолу

Еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласы аз ғана уақыттың ішінде біршама өзгерді. Дамыды, жаңалықтар енгізді, басқа қалалардан ерекшеленді. Осы жылдың кейінгі уақыттарында қалада ашылған нысандарды назарларыңызға ұсынамыз.

Бадам өзенінің үстіндегі көпірдің бір бөлігі ашылды

Шымкент қаласындағы «Қорғас - Алматы - Шымкент - Өзбекстан Республикасының шекарасы» А-2 автомобиль жолындағы Бадам өзені үстіндегі көпірдің бір бөлігі пайдалануға берілді.

Көпірдің жалпы ұзындығы - 144 метр, жүріс бөлігінің ені – 11,5 метр, жалпы ені – 28,2 метр. 

Жоспар бойынша көпір құрылысы толығымен 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Елу жылдан астам тарихы бар ескі көпірдің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған соң жаңа көпір ел игілігіне қызмет ететін болады.

Бүгінгі таңда қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен Шымкентте А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары атқарылып жатыр. Жоба 8 кезеңнен тұрса, оның  төрт кезеңінде құрылыс жұмыстары атқарылады. Қалған 4 кезеңінде жобалау жұмыстары жүргізіледі.

Үшінші мегаполисте үшінші мамандандырылған ХҚКО ашылды

Салтанатты рәсімге ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков, белгілі кәсіпкер Әмірхан Шүменов, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бұл жерде қаладағы көлік иелері автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәліктерін ауыстыра алады.

Мамандандырылған ХҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, яғни жалға алу шығынынсыз жұмыс істейді. Филиал коммуналдық қызметтердің ақысын ғана төлейді.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа ХҚО – Шымкент қаласындағы 10-фронт-офис. Бұған дейін қалада 11 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеген, оның ішінде көші-қон ХҚО мен екі мамандандырылған ХҚО бар.

Жыл басынан бері Шымкенттің мамандандырылған ХҚО-ларында азаматтарға 34 мың жүргізуші куәлігі беріліп, көлікті қайта тіркеу бойынша 250 мыңға жуық қызмет көрсетілді.

Шымкентте "Мобильді топ" құрылды

Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің жанынан шалғай жатқан шағын аудандардағы жастарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында "Мобильді топ" құрылды. 

Топ негізгі 4 бағытта жұмыс жүргізуде: талантты жастарды қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, психологиялық көмек және аутрич, NEET жастармен жұмыс бағыттары. 

Бұл топтың артықшылығы, шалғай орналасқан шағын аудандардағы жастар орталыққа келмей-ақ, өздеріне қажетті мәліметтер мен көмектерді толықтай ала алады. Сондай-ақ, олармен түрлі деңгейдегі ашық сұқбат алаңдарын құру арқылы, жастардың қажеттіліктерін анықтау мүмкіндігі арта түспек. Мобильді топ бойынша 1000-ға жуық жасқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Шымкентте «Dala kilemderi» көрме-жәрмеңкесі ашылды

Шымкенттегі «Көрме» орталығында «Dala kilemderi» атты кілемдер жәрмеңкесі ашылды. Дәстүрлі ұйымдастырылып келетін кілемдер жәрмеңкесінің ашылуына қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, ондағы өнімдермен танысты.

Жәрмеңке Шымкент қаласында Bal Tekstil компаниясының ұйымдастыруымен 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. Көрмеге 1500-ден астам кілем және кілем бұйымдары қойылып отыр. Мұндағы барлық өнім нарықтағы бағадан төмен бағада саудаланады.

Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары кілем өндірісінің иірім жіпті бояудан бастап, тоқыма станогындағы жұмысына дейінгі барлық процесін тамашалай алады.

Жәрмеңкені өткізудегі мақсат - отандық кілемдердің сапасы шетелдік кілемдердің сапасынан кем түспейтінін дәлелдеп, танымалдығын халық арасында арттыру. Сол себепті мұнда отандық өнімдермен қатар Бельгия, Түркия, Иран, Ресей, Өзбекстан мен Молдова елдерінің өнімдері ұсынылған.

Bal Tekstil - қазақтандық кәсіпкерлер мен түркиялық Kartal Carpets компаниясы бірлескен жоба. Kartal Carpets - Түркияның кілем өндіру саласындағы алғашқы ондыққа енетін ірі тауар экспорттаушысы. Ал Қазақстандағы ең ірі «Бал Текстиль» отандық кілем өндіруші фабрикасы 2013 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында өз өнімін шығара бастады.

Фабрика қазіргі таңда жылына 5 млн. шаршы метр кілем және кілем өнімдері мен 4 000 тонна полипропиленді жіп өнімдерін өндіруге қауқарлы. Бүгінде 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кілем өнімдерінің 30 пайызы шетелдерге, атап айтқанда Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия және Франция елдеріне экспортталуда.

Шымкент: Әл-Фараби аудандық сотында фронт-кеңсе ашылды

Сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотында фронт-кеңсе ашылды.

Кеңсенің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов пен қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты. Сонымен қатар Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков, қалалық және аудандық соттардың судьялары, прокурорлар мен адвокаттар және медиаторлар қатысты.

Жаңа фронт-кеңсе кеңейтілген зал, мемлекеттік қызметтің заманауи стандарттарына сай келетін технологиялық инфрақұрылыммен жабдықталған. Оның іші үш аймаққа бөлінген, бұлар – ақпараттық орталық, келіп түсетін іс-қағаздары аймағы және өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы. Мұнда бекітілген меморандум аясында қызмет көрсететін медиатор мен адвокат кабинеттері орналасқан.

Кеңсеге кіреберісте сотқа келушілер қажетті құжаттарды ұсына алады. Кеңсе қызметкерлері әр келушіні қарсы алып, олардың келу мақсатын мұқият тыңдайды. Сонымен қатар келушілер медиаторға немесе адвокатқа бару туралы кеңесті де осы жерден ала алады.

0 Пікір Кіру