Шымкент - болашақтың қаласы - на weekend.bugin.kz
Bugin.kz - на weekend.bugin.kz Bugin.kz

Жаңа жобалар - қаланың жаңа келбеті

Шымкенттің үшінші мегаполис атағын алғанына бірнеше жыл өтті. Қала осы жылдар арасында қарқынды дамыды. Шымкент - болашақтың қаласы. Не үшін? Шымкенттің болашағына бірге саяхат жасайық.

«Shymkent city»

Бұл - Шымкент қаласындағы тұрғын үй кешені. Жоба бойынша құрылыс жұмысы 2016 жылы басталды. «Shymkent city» қаланың солтүстік тұсында, Бәйдібек би ескерткішінің қасында орналасқан. Бұл шағын аудан басқалардан заманауи инфрақұрылымымен, өмір сүруге және бизнес жүргізуге жайлы жағдай жасай алуымен, архитектурасы жағынан әдемілігімен әрі жүйелілігімен ерекшеленеді.

Бұл тұрғын үй кешені аясында әуежай, сауда орталықтары мен заманауи ойын-сауықтыру парктері бой көтермек.

«Shymkent city» негізінде жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелер шешіледі; инфрақұрылым жаңарады; инвестиция көлемін ұлғайтып, кәсіпкерлік саласын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыруға болады.

Ретсіз сауда орындары жойылады

Қалада бүгінгі күнде ретсіз сауда қатарларының орны жеткілікті. Алдағы уақытта заман талабына сай жабдықталған сауда қатарлары мен ойын-сауық орталықтары бұл жүйені алмастыратын болады. Жабайы көше саудасына 2016 жылы толығымен тыйым салынады деп жоспарланған еді. Қырғы базар, «Шымкент-Тұлпар» және «Шығыс» базарына толыққанды ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі делінген.

15 минут ішінде

Қалада жедел жәрдем қызметі бірнеше жылдан кейін қазіргіден де жылдам қызмет көрсететін болады деп жоспарлануда. Сіз шақырған жедел жәрдем қызметі 15 минуттың ішінде келетін болады.

Заман талабына сай кеңселер

Шымкент қаласында заман талабына сай сәулетті әрі әдемі ғимараттар бой көтермек. Атап айтар болсақ, Желтоқсан көшесінің бойында Forte Bank, Арғынбеков көшесінің бойында «ҚазАтомПром» АҚ-ның ғимараты, Астана алаңында ойын-сауық орталығы, Қонаев және Арғынбеков көшелерінің бойында тұрғын үй кешендері салынбақ.

Жоспар бойынша, алдағы уақытта қала субұрқақтармен көмкеріліп, жасыл аймаққа бөленген бүгінгі заманның қаласына айналмақ.

«Shymkent mall»

Қазақстан аумағындағы ең үлкен ойын-сауық әрі сауда орталығы Шымкент қаласында салынады. Орталықтың жалпы көлемі 38 гектарды құрамақ. Бұл нысанда гипермаркет, дүкендер, кинотеатрлар, балалардың ойын бағы, аквабақ, 3000 адамға арналған фудкорт, 3500 орынға лайықталған, автотұрақ бой түземек.

«Shymkent mall» - қаланың жарқын болашағының ерекше символы болмақ.

Муниципальді парк

Қала аумағының кеңеюіне байланысты қалада коммуналдық автопарк ашылмақ. Бұндай автопарктің Қазақстанда Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында ғана бар екені белгілі.

Коммуналдық автопарк құрылса, 100 автобус сатып алып, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушыларға тасымалдау қызметін көрсету қамтамасыз етілетін болады. Ал инвесторлар есебінен қоғамдық көлік саласына электронды билет жүйесін енгізу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Шымкент – туризмнің орталығы

Қала әкімдігі қаланы ірі туризм орталығы ретінде қалыптастыруды мақсаты етуде. Қала аумағында халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, саяхатшылар үшін түрлі бағытта арнайы көлік қозғалысы жолға қойылады. Сондай-ақ, қауіпсіз әрі экологиялық тұрғыдан тиімді жаңа аэропорт салу жоспарлануда.

Мектептерде электронды бақылау

Қаладағы мектептердің директорлығына үміткерлер алдағы уақытта арнайы кеңестің сынағынан өтетін болады. Сонымен қатар оқушылардың заман талабына сай мектеп формасымен жабдықталуы да электронды бақылауға алынбақ.

Тұрғын үйлерді жаңғырту

Қазіргі таңда қалада жаңартуды қажет ететін 372 көпқабатты тұрғын үй бар екен. Мемлекеттік «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы бойынша мәселесі көп тұрғын үй ғиимараттары қайта қалпына келтірілмек.

Қоқыс полигондары

Бүгінде қалада 34 гектар жер қоқыс тастау полигондарына арналған. Олардың сыйымдылығы 300 мың тонна. Сәйкесінше олар 2 жылдың ішінде толады. Ал қаладан бір айда 15 мың тонна қоқыс қалдықтары шығады. Осыған орай, қаланың солтүстік бөлігінен жаңа қоқыс полигонын ашу қажеттігі туындайды. Қалада құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне байланысты жаңа қоқыс полигондары ашылмақ.

Жол қозғалысы

Шымкент қаласының аумақтарына байланысты 5 бірдей байланыс жолы алдағы уақытта қайта салынатын болады. Себебі – қаладағы көлік кептелісінің күн санап өсіп отыруы. Бүгінгі күндегі қаладағы жол қатынасына түсетін көліктердің саны 323 мыңнан асады. Облыс орталығындағы автокөліктердің саны артып келеді. Қазіргі таңда қаладағы жолдардың 51 пайызы асфальтталған, 41 пайызы шағал, 8 пайызы топырақ жолдар.

Жолдарды қайта құру, жаңа жолайрықтар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін салу - заман талабынан туындайтын мәселелердің бірі.

Су, жарық, газ – әрбір үйде

2020 жылға қарай қала тұрғындары коммуналдық мәселе бойынша ешбір қиындық көрмеуі тиіс. Айталық, бүгінде халықтың 83,5 пайызы ауыз сумен, 44,8 пайызы кәріз жүйелерімен, 85 пайызы электр жарығымен, 65 пайызы табиғи газбен қамтылған.

0 Пікір Кіру