Шымкенттік студенттер қала туралы қандай пікірде? - на weekend.bugin.kz
Bugin.kz - на weekend.bugin.kz Bugin.kz

Алматыда оқып жатқан шымкенттік студенттердің қала туралы ойлары

Шымкент қаласын жастардың, жалпы студенттердің ошағы деп жатады. Десе де, мектеп бітіруші түлектердің біраз бөлігі Алматы мен Астанада білім алуды қалайтындай. Шымкенттік оқушылар орта білімді Шымқалада, ал жоғары білімді Алматыда алуды қалайды. Шымкенттен Алматыға арман қуып, білім алуға келген студенттерден мәдени астана туралы сұраған едік. Жасөспірімдер қандай пікірде? Олар қала туралы не дейді?

Олжас Айдарбек: Көпшілік ортада жүрген кезде адамдар бір-бірінен "Қай жердікі боласың?" деп сұрап жатады. "Шымкенттікімін" десең, кез келген ортада саған басқаша қарайды. Бұл да бір шымкенттіктердің ерекшелігі секілді. Кез келген адам басқа қалалармен салыстырмалы түрде Шымкент туралы басқаша ойлайды. "Шымкент қандай, ол қандай қала?" деген ойлар адамдар үшін маңызды. Шымкенттің кез келген тұрғыны Шымкентпен мақтанады деп айта аламын.

Климатына келер болсақ, Шымқалада барлық мезгіл өз уақытымен өтеді. Ауа-райы адамдары сияқты жылы әрі ыстық. Шымкенттіктер - өте кішіпейіл. Бір нәрсе сұрасаңыз, сізге оң жауап беруге дайын тұрады.

Шымкент өзінің саябақтарымен мақтана алады. Өйткені бұл қалада саябақтар өте көп. Саябақ саны жағынан Қазақстан бойынша алдыңғы орында. Сонымен қатар Шымкенттің өзінің "Арбаты" бар.

Қалада жыл сайын қала күніне орай әуе шарларының фестивалі өткізіліп тұрады. Ол бүкіл Қазақстан бойынша Шымкентте ғана өтеді. Ол жерге тек қазақстандықтар емес, шетелдіктер де қатысады.

Келер жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің арасындағы мәдени астана деп танылады. Қазір осы бағыт бойынша қалада жұмыстар жасалып жатыр. 2020 жылы Шымкентте көптеген өзгерістердің орын алатыны анық.

Қуантай Жолдасбеков: Шырайлы Шымкент қаласы - еліміздегі үшінші мегаполис. Қонақжай, еңбекқор халқымен басқа қалалардан ерекшеленеді. Климаты тұрғындарының мінезі секілді үнемі жылы. Қысы көбінесе қарсыз, жазы аптап ыстықта өтеді. Қазақы мәдениеттің қайнаған ортасы - шырайлы Шымкент шаһары.

Көз шырайын тартатын көрікті орындары көп. Жасыл қала атанған бұл қала, өзінің көп саябақтарымен, демалыс орындарымен адамдардың қызығушылығын тудырады. 

Адамдары ақкөңіл, қонақжай, қолдарынан келгенше көмектесуге дайын тұрады.

Шымкент - көптеген туристердің ыстық ықыласына бөленген еліміздегі әдемі қалалардың бірі. Қазақстан қызғалдақтың отаны болса, Шымкент - сол қызғалдақтың негізгі шыққан жері. Осыған орай қаланың символы "қызғалдақ"  болып саналады. 

Шымкент - көпұлтты қала. Бір қызығы, барлық ұлттар негізінен қазақ тілінде сөйлейді. Былайша айтқанда қазақшаны таза біледі. Олардың өздері қазақы салт-дәстүрді  тұрақты түрде қолданады.

Шымкент Алматы қаласы секілді тау бөктеріне жақын орналасқан. Табиғатын тиімді пайдаланады.

Мағжан Сейлхан: Шымкент - қазақтық қаймағы бұзылмаған қала. Бұлай дейтін себебім бұнда халықтың 98%-ы қазақ тілінде сөйлейді. Сәйкесінше салт-дәстүр де сақталған.

Онымен қоса Шымқаланың тұрғындары кішіпейілділікті кеңінен ұстанған. Қай тұрғыдан алсаңыз да көмек беруге, кеңес беруге әркез дайын тұрады. Шымкенттің тұрғындары қандай болса, ауа райы да сондай жаймашуақ. Әрқашан келген қонақтарын жанға жайлылығымен баурап алады. Өз басым Шымкентке әр келген сайын, бірінші рет келгендей таңқаламын.

Бүгінгі қоғамға адалдық, бәсекеге қабілеттілік, мейірбандық пен қазақилық қаншалықты керек болса, соны соншалықты Шымкенттен табуға болады.

Аружан Маттай: Шымкенттің ерекшеліктеріне келетін болсақ... Ол әрине адамның жанына жағымды ауа райы. Қай мезгілде барсаңыз да, Шымкент өзінің жылы лебімен қарсы алады. Шымкенттің ең көрікті орыны - жаңадан ашылған "Арбат". Ол жерде кешке серуендеген, адамға ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар тағы бір керемет жер - "Бәдібек би" саябағы. Ол саябақ биік жерде орналасқандықтан, түнгі қаланы тамашалауға үлкен мүмкіндік береді.

Ал адамдардың қарым-қатынасы - мүлдем бөлек дүние. Қазақстандағы ең жылы жүзді, қонақжай тұрғындар осы шырайлы Шымкент қаласында десем артық айтқаным емес. Себебі қалада асхана да, мейрамхана да, жалпы барлығы қонақтардың жағдайын жасау үшін жасалған. Онымен қоса әр үйдегі аналар да келген қонақтың қамын ойлап, жағдайын жасауға тырысады. Сондықтан да Шымкент дегенде миыма тек қана жақсы сөздер, жақсы ойлар келеді. Өзімнің Шымкент қаласында туғаныма қуанамын.

0 Пікір Кіру