Тренинг ұйымдастыру сәнге айналып кеткен жоқ па? - на weekend.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на weekend.bugin.kz Марғұлан Ақан

Зерттеу мақала

Тренер, мотиватор Жанар Байсемізованың «жасыл түс сізге сәттілік әкеледі, қарызыңыздан құтылуға септігін тигізеді, қысқасы, бұл техника арқылы мәселеңіз оңай шешіле салады» деген сыңайдағы жазбасынан кейін жұрттың пікірі екіге жарылды. Мұны бірі мақтады, бірі даттады. Сынаған жұртқа Жанар ханым «жасыл нәски» тек құрал ғана екенін айтты. Бес саусақ бірдей емес екенін ескерсек, бұл жазбаны да әркім әртүрлі қабылдады.

Әлеуметтік желідегілер не дейді?

Әлеуметтік желіде осы тақырыпқа пікір білдірушілердің ішінде белгілі адамдардың да пікірін көзіміз шалып қалды. Мәселен, белгілі дін маманы Қайрат Жолдыбайұлы: «Жанар ханым, сіздің ерік-жігеріңіз, табандылығыңыз мықты. Ілгерілеуге деген құлшынысыңыз, тағдырға түскен ауыртпалықтардың өзін күліп қарсы алып, оны ізгілікке айналдыруға деген ниетіңіз ұнайды. Бірақ батыстық мотивациялық тәсілдердің бәрі дұрыс бола бермейді. Соларды байқағаныңыз жөн, Жанар ханым. Мысалы карма ұғымы қазақы нанымға, ислами ұстынға қайшы сенімге жатады. Реинкарнация, карманың шығу тегі буддалық философияға, наным-сенімге барып тіреледі», – деп пікір қалдырыпты. Осы орайда желідегі біраз адамның пікіріне шолу жасап көрдік.


Шынар ӘБІЛДӘ, аудармашы:

– Әр адамның бойында бір данагөй, бір ақымақ өмір сүреді. Біреу қасыңа кеп шайтаныңды түртсе, шап бересің, бажылдайсың, ырылдасасың. Негізі ұрысқың келмеген, бірақ ұйықтап жатқан бір пәлеңе тиіп кетеді. Біреу келіп періштеңді оятады. Ұрсысып тұрған жеріңнен момақансып, жуаси қаласың. Біреумен күлген жақсы. Біреумен жылаған ыңғайлы. Біреуге бар сырыңды айтасың. Ал ет жақыныңа мықты боп көрінгің келеді. Қалай болғанда да, адамның күні адаммен. Адам адамнан үйренеді. Адам адамнан жиренеді. Бәрі сабақ. Біреу бойындағы білгенін кәдеге жаратады.
Біреу жинап алып тарата алмай қор болады. Неге қор болады? Себебі, білгеніңнің бәрін тарата алмасаң, өзіңнің құмыраң толып тұра береді. Ары қарай ізденбейсің. Ал өмір үздіксіз ізденісте жүретін адамға ғана құпиясын ашады. Сондықтан, мен таңғалатын дүние қалған жоқ дейтіндер баршылық. Ал кей адам үнемі таңғалып отырады. Себебі, құмырасын уақтылы босатып, уақтылы толтырып, тепе-теңдік заңдылығына сай өмір сүреді. Коучингке келген қыздардың істері мен үшін – ерлікке пара-пар. Тыңнан түрен салушылар. Олар күнделікті білімін сарқып беріп, таратып жүргендер. Өз бала-шағасынан артылғанды таратып беру – оңай емес. Жолын табу, ебін табу – шын мойындағанға, адамның бәрінің қолынан келе бермейтін дүние. Ал нені білетіні, нені айтатыны өз алдына бөлек әңгіме.


Өркен КЕНЖЕБЕК, блогер:

– Арнольд Шварценеггерді білесіздер ғой. Әбден атағы тасып, даңқы асқан шағында сол сияқты бұлшық еті бұлтыңдағанын қалағысы келетіндер қаптап, кеңес сұрап кетеді. «Тезірек качок болғым келеді, не айтасыз?», «Қалай Мистер Олимпияны оңай жеңіп алсам болады» деген сұрақтармен қанын ішіп жіберсе керек. Содан ол жас бодибилдерлерге «прикол» үшін оңды-солды кеңес бере бастайды. Мысалы, бұлшық етін өсіремін деген бір әйелге ол: «Бүгіннен бастап, суды мейлінше көп іш. Әбден іш. Бірақ дәретке бармағын. Әбден шыда», – деп қырта салады. Ол бейшара Арнольдтың өзі айтқан соң, рас шығар деп суды ішеді-ай келіп, ішеді. Қуығы әбден жарылардай болып, көзі қарауытып жатқанда Арни «әй, болды, өтірік айта салғам» деп тарқылдап күледі
дейді…


Мейіргүл ОҢҒАРОВА, журналист:

– Психологиямен айналысу қазақтар арасында соңғы кезде сәнге айналған сияқты. Әлбетте, өзгеруге ұмтылу, жақсылыққа талпыну жаман нәрсе емес. Дегенмен әр адамда өзіндік сүзгі болуы тиіс. Ненің жаман, ненің жақсы екенін ажыратпай тұрып атағы шыққан мотиватор айтты екен деп жұта беруге де болмайды. Негізі тарихқа үңілсек, қазақ деген халық бұрыннан мықты психолог болған. Бір мақалмен ғана бүкіл психология жылдар бойы зерттеген құбылыстардың мәнін ашып көрсеткен. Ырым-тыйымның өзі неге тұрады?! Соңғы кезде шығып жатқан психологтар арасында «мен тұңғыш қазақ психологымын» дейтін әпкелерімізді байқап қаламыз. Бұл дұрыс па, бұрыс па деп ойланамын. Жалпы, кез келген салада білім қорының мол болуы оң мен солды ажыратуға септігін тигізеді. Әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданатын адамдардың көбі тереңге бойлап, ізденуге еріне ме, әлде басқа себептермен бе, кім не айтса, соны жаппай орындауға бейім. Мысалы, «жасыл нәски» мысалында да түбіне бойламай қыз-келіншектер жаппай нәски сатып алуға көшіпті. Халықты «жасылдандырған» ханым қандай дерекке сүйеніп бұндай тұжырым жасағанын түсіндірмеген. Бұл жерде сүзгіден өткізбей науқаншылық жасаған қыз-келіншектердің өзінен де кінә бар. Бұл пікірлердің әрқайсысын талдап жатудың өзі артық секілді. Әзілдің де астарында үлкен шындық жататыны бар. Әрқайсысының пікірі негізсіз емес.


Тренинг не үшін керек?

Соңғы екі-үш жылда елімізде тренинг саласы дамып келе жатыр. «Мен» деген бизнес-тренерлер сахнаға шықты. Олардың ішінде Қуаныш Шонбай бастаған бір топ тренер аз уақыттың ішінде танылып үлгерді. Басында ол кәсіп туралы кішігірім тренингтер, бизнес бойынша таңғы ас өткізіп жүрді. Сөйте келе проблема кәсіпте емес, адамның өзінде екенін түсінді. Бұл туралы ол сұқбаттарының бірінде айтты. Өз басым Қ.Шонбайды «Руми» арқылы емес, «Екінші болма» тренингі арқылы таныдым. Жарнамасы әлеуметтік желіден түспеді. Қазақтілді бизнес-тренерлер қатары толыға түсті. Біз қаласақ та, қаламасақ та, әлемде боп жатқан нәрсе бізге де бір айналып соғатыны анық. Кейінгі бір жылда әйелдер қауымы да осы салаға бет бұра бастады. Жанар Байсемізова, Құралай Қалиева, Кәмшат Бекжігітова сынды ханымдар кітап шығарып, ол Қазақстанның алыс шалғайдағы ауылдарына дейін жетті. Мәселен, К.Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» атты кітабы сатылым бойынша рекорд жасаған деседі. Осыдан-ақ қазақ әйелдері арасында үлкен сұраныс бар екенін көруге болады.

Тренинг саласы бұдан ары дами береді. Бүгінде әлем бойынша білім алу қарқыны өсіп келеді. Адамдар бұрынғыдай төрт жылдық біліммен алысқа бара алмайтынын түсінді. Жыл сайын, тіпті ай сайын жаңа мамандық түрлері пайда бола бастады. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде. «Болашақта жасанды роботтар іске қосылып, кейбір мамандыққа сұраныс болмауы мүмкін», – дейді шетелдік ғалымдар. Қазірдің өзінде олар тәжірибеде қолданылып жатыр. Сол себепті жылдамдыққа бейімделе алмайтын адамның өмірі қиындау қаупі бар.

Біреудің сенімінде шаруамыз жоқ. Әркім өз білгеніне, сенгісі келген дүниеге сенеді. «Сен бүйт, былай істе» деп ешкімді міндеттей алмайсың. Бірақ сенім мәселесі сәл ойланатын

мәселе сияқты. Мәселен, жоғарыда айтып өткен онлайн кеңес беретін жандар курсты қайдан, кімнен оқыды? Үйренген, үйреткен қай кезде де жақсы. Алайда жүйелі білім алмаған жандар жетерлік. Бізді толғандыратыны – неге нағыз мамандар сөйтіп тренинг өткізбейді? Неліктен басқа саланың мамандары мұны оңай жолға айналдырып алды?

Жалпы алғанда адамның сенімі ең негізгі құрал. Мәселен, сатушы өнімін сатқанда ең бірінші өнімді емес, тұтынушының сенімін сатып алады. Біреуге сенгенде ғана сатып аласың. Сенгенде ғана тұрақты тұтынушыға айналасың. Әлемге әйгілі брендтердің өз тұтынушысы бар. Көп адам үнемі соның өнімін пайдалануға тырысады. Өйткені, сенеді. Сол сияқты психология ілімі де сенімге құрылады. Санадан бөлек, бейсана ұғымы бар. Туғаннан бастап осы шаққа дейінгі барлық ақпарат бейсанада сақталады дейді психологтар. Сондықтан көп маман адам санасымен емес, бейсанасымен жұмыс істейді. Оған әсер ететін бірнеше әдіс-тәсіл бар. Соның біреуі ғана сізге келуі мүмкін. Осы тұста тағы бір айта кетерлік жайт, адам бір сәт өзіне «Мен не істеп жүрмін, кімге сенемін, нені қалаймын?» деген секілді қарапайым сұрақтарды қойса дейміз. Сонымен бірге тренингке бармас бұрын «Нені білмеймін?», «Не білгім келеді?» деп іштей дайындалып барса екен. Бәлкім, сіз іздеген ақпарат алдыңызда тұрған шығар. Тренер не айтса соны жұта берген де жарамас. Әйтпесе «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратындар» өте көп.

Жандарбек Жұмағұлов

Дереккөз: Жас Өркен

0 Пікір Кіру