Марғұлан Ақан

Мамандық – жауапкершілікті талап ететін қызмет

Қарыштап дамып жатқан елдерге қызыға да, қызғана да қараймыз. Олардың жеткен жетістіктерін айтып, таңдай қағамыз. Ендеше, біздің елге де алға жылжыу үшін, даму үшін білікті мамандар мен үздіктер қатарында жүрген мамандықтардың шаңын қағу керек. Сіз бен бізге көмек болсын деп әлемдегі ең ықпалды 10 мамандықты ұсынып отырмыз.


 

Инженерия

 Кез келген елдегі тапшы мамандықтардың бірі. Білікті әрі білімді мамандардың көмегімен құрылыс-индустриясы және өнімнің автоматтандырылған деңгейі артады. Қандай жағдай болмасын, елде дағдарыс бола қалған күннің өзінде инженерлердің сұраныста болатыны анық. ХХІ ғасырдағы инженерлерге қойылатын қос бірдей талап бар: бірі – ағылшын тілін жетік меңгеру, екіншісі – жаңа технология тілін жетік түсіну.


IT саласы

Жасанды сананың дамуы, жаңа технологияның үлкен құбылыс жасауы адамзат тарихындағы жеңіс. Осы жеңісті жетілдіру жолында нағыз IT-мамандары керек-ақ. Әлемде қазір IT саласы бойынша Үндістан алдыңғы орында тұр.

Компьютерді құрастыру мен сайт жасау кез келген техника тілін меңгерген маманға таңсық емес. Алайда оның күрделі функцияларын атқару, дамыту, ерекшелеу секілді тектерін меңгеру басқа әңгіме. Қазақстан аталған мамандық бойынша әлемдегі ең үздіктер қатарына ене қоймады. Алайда біздің білімді жастар математика саласында ең үздіктер қатарында. Ендеше, бүгін және ертең жойылып кетпейтін мамандық осы IT саласы.

Дәрігер (Медицина) 

Гиппократқа ант берген дәрігерлердің ХХІ ғасырда ауруды емдеу үшін анатомияны, физиологияны білуі аздық етеді. Бұған енді жаңа технологиямен емдеу әдістерін және биотехнологияны қосу керек. Адам өмірімен арпалыс атам заманнан келе жатқан үлкен жауапкершілік. Ал оның мамандары үшін тағдыр алдында жауапты болуы өте маңызды.

Медицина саласы – кез келген елдің экономикасына да, тұрақты дамуына да үлкен ықпалын тигізеді. Сондықтан бұл мамандық үздік ондық ішінде алдағы бірнеше ғасыр бойына тізгін ұстап қала береді.

Туризм

Шикізат немесе қазба байлыққа зәру елдердің экономикасын түбегейлі өзгертіп отырған бұл – туризм.

Туризм мамандығы және оның мамандары елдің мәдениетін, тарихын таныстырумен қатар елдің көркеюіне үлкен үлес қосады. Тек оны қалыптастыру үшін білікті мамандар керек. Қазір туристік фирмаларда білікті мамандар жетіспейді. Басты себеп тілді жетік білмеуі немесе тарихи мекеннің ең тамаша жерлері туралы ақпаратқа қанық болмауы.

Қазақстан үшін бұл мамандық енді дамып, енді өркендеп келе жатыр.


Логистика

Шетелдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қазіргі кәсіпте логистика стратегиялық маңызды орынға ие. Бұл салада табысқа жеткен мамандардың компания басшылығындағы жоғарғы қызмет орындарына келетіні кездейсоқ емес. Бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы фирмалардағы логистканың дәстүрлі функционалды салалары стратегиялық-инновациялық жүйе құрап отырып, жалпы ақпараттық-компьютерлік платформа негізінде бірікті.

Ал бұл мамандықтың негізгі мақсаты – материалды ағымдарды толассыз басқару. Негізінен өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің экономикасында логистиканың алатын орны өте ерекше.

Эколог мамандар

Жанармай, артық қоқыс, түрлі зауыттардың өндіріс үшін тоқтаусыз жұмыс жасауы, қоғамдағы, әлеуметтік ортаны ластайды. Ал бұған бей-жай қарамайтын мамандар – экологтар. Экологтар сұранысқа ие мамандар. Экологияның бұзылуын қалпына келтіру және оның алдын-алу мақсатындағы жасалатын әрекеттерді ұйымдастыру экологтардың басты міндеті.

Ал бұл мамандықты сарапшылар, алдағы бірнеше жылда ең көп жалақы алатын және ең үздік үштікке кіретін кәсіп ретінде кіргізіп отыр. Себебі уақыты келген кезде, әлем қоқыс пен лас ауадан тазау үшін, өмір сүру үшін ақшасын аямайтын болады

Химия және энергетика саласы

Табиғи байлықты сақтау, ол арқылы елдің экономикасына мол қаржы әкелу химиктер мен энергетика саласын меңгерген мамандардың қызметі. Жердің табиғи электр қуаты да таусылады. Сол үшін қазір мамандар күннен барынша мол энергия көзін алу жолын іздестіріп жатыр. Күннен энергия алу дәуірі басталып кеткенімен, оны зерттеу мен болашақта кәсіп ретінде жүргізу әлі айқындалған жоқ.

Химия саласын зерттеуде үлкен жетістіктер болғанымен, білікті мамандардың да орны әлі жетіспейді. Қоспалар арқылы адамзатқа пайдалы нәрселерді дүниеге әкелу (мәселен ракты емдеу жолдары, қазба байлықты түрлі жолдармен алу) оңай шаруа емес.

Сервис-мамандар

Адамдар барған сайын жалқауланып, тіпті шаштаразға, сұлулық салонына баруға ерінеді. Бәрін үйден, қолжетімді жерден жасатуға тырысады. Дәл осы мақсатта жылдам әрі өз ісін жетік меңгерген сервис-мамандар керек болары анық. Еріншек үшін, ақшасы бар адам үшін олардың қанша құн сұрайтыны да маңызды емес. Бастысы қанағаттанарлық жұмыс жасалса, ақысы да жоғары болмақ.

Журналист және имиджмейкер

Біздің айтып отырғанымыз дәстүрлі журналистка емес. Қазіргі қоғамға бейімделген, универсал болуға бастайтын журналистика. Ал имиджмейкердің немесе PR маманның тапшылығы байқалады. Себебі марктинг саласын жетік меңгерген білікті маманнан гөрі, универсалды түрде тауарды сату және кіріс әкелу жағынан PR маманның бәсі әлдеқайда басым.

Төртінші биліктің де ақиқатты жазып, шынайы сюжеттер беруі, зерттеулер жасауы арқылы келетін құжаттар мен мақалалардың құны да көкке көтеріледі. Жалған дүниеге көз мен құлағы тойған қоғам үшін білікті журналистердің орны бөлек.

0 Пікір Кіру