Марғұлан Ақан

Аймақ бойынша жаңалықтар

Тылсым жерлер мен жұмбақ мекендер еліміздің әр аймағында бар. Солардың ішінде Өскемен қаласындағы төрт тылсым жерді ұсынып отырмыз. 

Ертіс Көпірі

Ертіс өзені арқылы өтетін көпір мұнда жиі орын алатын өлім-жітімге байланысты үрей туғызады. Талай адам осы маңда суға кетіп немесе өз-өзіне қол салып өлген. Ел аузында бұл жер әлсіз, күйзеліске ұшыраған адамдарды өзіне тартады деген сенім бар. Негізі көпірдің астындағы судың деңгейі аса терең емес дейді адамдар. Бірақ су түбінде үшкір тастар көп және көпір өте биік орналасқан. Секірген адамның аман қалмайтыны анық.

Қаладағы қайғылы оқиғалардың көпшілігі осы маңда болады. Күндіз көпірдің үстінде қаланың қайнаған тіршілігі: көліктер ағылып, адамдар өтіп жатады, сол маңдағы жағалауға да келушілер көп. Бірақ түнгі уақытта бұл жерді маңайламаған жөн деседі жұрт. Неге? Өйткені мұнда аса жаман энергия шоғырланғ

Түнгі уақытта мистикалық, жұмбақ жағдайлардың орын алғаны туралы әңгімелер де бар. Олардың шын-өтірігі қайда екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Бірақ сенбейін десең де, жаның түршігеді. Мысалы, мынандай бір оқиға болыпты. Шамамен 2015 жыл. Қыс мезгілі. Кешкісін қала тұрғыны көпірден өтіп бара жатып, жақтаудың жанынан бір жігітті байқап қалады. Темекіге оттық сұрайын деген оймен оған жақындайды. 40 градустық аязда жұқа күрткемен тұр екен. Бері бұрылып, оның көзіне қараған сәтте, әлгінің өне бойы мұздап сала беріпті. Көзқарасы өңменінен өтеді екен, бірден түсініксіз, жағымсыз әсер қалдырады. «Неге маған олай қарады? Мүмкін арт жағымда тағы біреу бар ма?» – деп артына қараса, ешкім жоқ. Көпірдің үстінде екеуі ғана. Күмілжіп қалып, қайта жігітке қарай бұрылғаны сол еді, адам нанғысыз жайт орын алды. Бір секунд бұрын ғана қол созым жерде тұрған жігіт ғайып болып кетті. Қалай болғаны? Көпірден секіріп кетті ме? Ол бойындағы үрейді жеңіп, көпірдің жақтауына жақындап, төменге көз тастайды. Аяз болған соң, өзеннің бетіне мұз қатыпты. Бірақ құлаған адамның өзі түгел, ізі жоқ…

Осы секілді көпірге қатысты оқиғалар көп.

Өскемен-Зырян тас жолы 

Өскемен мен Зырянның арасындағы тас жолда көлік апаты жиі болып тұратыны баршамызға аян. Жылдың барлық мезгілінде бұл тас жол аса қауіпті болып табылады.

Ал түсініксіз жайттар серпантин басталатын тұста орын алатын көрінеді. Түн кезінде жолдың үстінен қыздың бейнесін көрдік дейтін адамдар көп. Сол үшін ырымшыл жүргізушілер көліктеріне жол бойынан бейтаныс адамды отырғызбауға, жалпы бұл жолмен түнде жүрмеуге тырысады екен. Ел аузында қызды көп жыл бұрын сүйген жігіті өлтіріп, тас жолдың бойына тастап кеткен, оның елесі түнде жігітті іздеп, жол кезеді деген қорқынышты әңгіме айтылып жүр. Адам сенгісіз, бірақ…

"Юбилейный" кинотеатрының маңындағы үй

Кинотеатрдың маңында бір үй бар деседі Өскемен жұртшылығы. Ол үйде талай жылдан бері қаңырап бос тұрған пәтер бар екен. Бұл пәтердің есігіне сүргі (опечатывание) салынып, бекітілген болса да, көршілері ол жерден түсініксіз дыбыстар естиді. Кейде бірдеңе тарсылдап жатады, кейде адамдардың дауысы мен аяқтың жүрген дыбысы естіледі деседі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын тылсым пәтерге жалғыз басты әйел адам келіп тұрыпты. Ол жұмыстан кеш қайтатын. Осы оқиға “Рудный Алтай” газетінде жарық көрген болатын. Сол тұрғынның әңгімесінен үзінді келтірейік:

«Пәтер сатып алдым. Әдемі, жайлы. Жиһазы – антиквар. Бағасы да қымбат емес. Көршілерім тамаша. Үй орналасқан аудан да жақсы. Күндіз үйде болмаймын, түнеуге ғана келемін. Бір күні сағат түнгі 12-ге таяу келіп, жарықты сөндіріп, ұйықтауға жаттым. Кенеттен біреудің күлген дауысын естідім. Кішкене баланың күлкісі секілді. Қорқып кеттім. Өйткені көршілерімнің ешқайсысында бала жоқ. Ал дауыс дәл менің жанымнан шығатындай. Басымды көтеріп, жан-жағыма қарасам, әлгі күлкі төсегімнің жанындағы үстелде тұрған оятқыш сағаттан шығады. Кәдімгі сағат орнынан секіріп, күліп тұр! Төсектен ұшып тұрып, жарықты жақтым. Сағат өз орнында. Күлмейді де, секірмейді де. Қатты шаршап, ұйқым келген ғой деген оймен жарықты сөндіріп, қайта жаттым. Біраздан кейін тынысым тарылып, орнымнан қозғала алмай жатқанымды сездім. Төсегімнің жанында біреулер әңгімелесіп отыр. Дауыстарына қарағанда, әжесі мен немересі сияқты. Қыз бала: «Әже, анамның төсегінде жатқан кім?» деп сұрады. Әжесі: «Білмеймін. Тоняжан, бұл сенсің бе?» деді. Зәре-құтым қалмай мен жатырмын. Жүрегім тас төбеме шықты. Дауыстар тынышталып қалды да, біраз уақыттан кейін әжесі мен немересі қайта жаныма келіп, мені қуа бастады. Сағат шамамен түнгі үш кезінде олар ғайып болып, пәтерде тыныштық орнады. Бірақ мен таң атқанша кірпік қақпадым».

Осы үйдің бұрыннан келе жатқан тұрғындарының айтуынша, әлгі пәтерде 20-30 жыл бұрын жас келіншек қарт анасы және кішкене қызымен бірге тұрған екен. Үшеуі де газбен уланып, қайғылы жағдайда қаза тапқан. Олардың жаны бұл дүниеден өткендеріне әлі күнге дейін сене алмай, пәтерде қалып қойған деседі. Баспананы талай рет аластатыпты, бірақ еш нәтиже жоқ. Сол бойы оны ешкім мекендей алмай кетті. Қазір де бос тұр.

Жамбыл атындағы саябақ

Қалалықтардың жақсы көретін демалыс орындарының бірі – осы Жамбыл саябағы. Алайда жергілікті көнекөз қарттар саябақ ескі зираттың үстінде тұрғанын жиі айтады. Шамамен 50-шы жылдардың соңы мен 60-шы жылдардың бас кезінде бұл жерден адамның сүйектері табылған екен. Кейбір ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, ескі зират тек саябақтың аумағында ғана емес, жалпы сол маңдағы үлкен аумақты, яғни қазіргі Республика алаңын толық алып жатқан. 80-90 жылдары саябақта үнемі төбелес болып, адамдар жиі қаза табатын деген де әңгімелер бар. Оны осы көне зираттардан келетін теріс энергиямен байланыстырады.

Жамбыл саябағының маңындағы кейбір үйлердің тұрғындары да тылсым оқиғалар туралы айтып жүреді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын бір тұрғын өз пәтерінде түсініксіз жағдайда қаза болған. Түнде терезеден құлап өлген. Ал сараптама қорытындысы оның қанында алкогольдің, есірткі заттардың болмағанын көрсетіпті. Көршілердің айтуынша, ер адам өз-өзіне қол салатындай еш себеп болмаған.

Одан тағы екі жылдай уақыт бұрын сол үйдің подъезінде бір қарт әйел асылып қалыпты. Бұл оқиға да тұрғындар үшін жұмбақ жағдай болып қала берді. Сондай-ақ, осы маңдағы үйлерде жиі су мен жарық өшеді екен. Себебін анықтау үшін тиісті қызметтерге қоңырау шалған сайын су мен жарықтың өшірілмегенін, барлық құрылғылардың жұмыс істеп тұрғанын айтады. Міне, жұмбақ.

Дереккөз: altaynews.kz

0 Пікір Кіру