Марғұлан Ақан

Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді

Халықтың сүйікті жазушысы, қоғамдағы әлеуметтік және саяси мәселелерге тұлға ретінде үн қосып, өзінің мінезімен есте қалған Шерхан Мұртаза 86 жасында қайтыс болды. Жазушының артында қалған еңбектері мен шығармалары келер ұрпақ үшін күн сайын парақтайтын үлкен асыл мұра. Сіздерге жазушының "Алтын тікен" әңгімесін ұсынып отырмыз.


Күн үлкен сәскеде бақташы табынды тақырға иіріп тастады да, тарбиған қара шеңгелдің түбіне барып отырды.

Бурыл таудың жалаңаш жартасынан шаңқ еткен ала бүркіттің үні естілді. Бақташы балапан іздемекке ойы бір кетті. Сонан соң:

— Мен қайбір құсбегі едім, — деді.

Шеңгелдің тікені көп, жапырағы сирек еді. Қауашағы пісіп, жел сәл ызың етсе, қоңырауша сыңғырлап тұр. Бақташы шақшиған күннен басын қорғалап, пиджагын шешіп алып шеңгелге жапты. Шашы сиреген төбесіне ғана жетерлік көлеңке түсті.

Шеңгелдің түбінен қашып барып, ебелектің астын паналаған кесірткенің алқымы бүлкілдеді. Ерте-ерте, ертедегі алып айдаһарлардың шаялаған ұрпағы бақташының әрекетін бағып, кірпіксіз көзі тесірейе қалды.

Бақташы кенеп дорбадан жарты бөлке нан, екі шиша шығарды. Дорбаны төсеп, тамақты үстіне қойды. Кесіртке бөтелкелердің күнге шағылысып жалтырағанынан жасқанып бұғыңқырай түсті. Бөтелкелердің бірі — айран, бірі — ақырған ақ арақ еді.

Кеше бақташы жұрттан жалақысын жинаған. Сиыр бас сайын айына бір сом. Қолына түгел тисе әжептәуір ақша. Бірақ қолына түгел тие бермейді. Қауымды даттап обалы не керек. Көбі-ақ адал ақысын тап-тұйнақтай таза береді. Тек, Қатша сияқты құдайдан безгендері болмаса. Қатша қалтасында ақшасы бола тұра:

— Әй, Қалтырауық, келесі базарға дейін шыдай тұр-әй, жазған. Келесі базарда көңімді сатсам да сенен құтылармын, — дейді ғой күйдіргенде.

Бақташы сонда барып:

— Осы қыстан бастап жекешені тастап, колхоздың малына кірмесем бе! — дейді.

Бақташы арақтың ақ қаңылтыр аузын ашып, қырлы стаканға орталау құйып, ойланып біраз отырды.

«Бұрын осының аузын сүргіштеп қояр еді».

Қолы от алған трактордың рулін ұстап отырғандай дір-дір етеді. Сонда қырлы стакандағы арақ күздің қара суығы тербеген қақ суындай қалтырайды. Бақташы соны байқап қалып, көзін тарс жұмып, басын шалқайта тастап жібереді...

Ебелек түбіндегі кесіртке алдыңғы екі аяғымен жер тіреп, зерлі мойнын созып-созып қарады.

Сәлден соң Қатшалардың қорлығы ұмтыла бастайды. Таңғы салқынмен аңыздағы ажырыққа тойып алған табын тақырда тапжылмай жатыр.

Бақташының бойы балбырап, ойы бозбала шағына сапар шегеді. Өмірінің тәтті бір кезі. Тәттінің көп тұрмайтыны сияқты лезде өте шыққан бір заман. Көкірегінде көмулі жатқан бір арман. Көмулі жатқан шоқтың үрлегенде қызарғанындай осындайда, оқта-текте сол бозбала шағы бір елес беріп кетеді.

Содан бері де қырық жыл өтіп кетті. Дүниеден көп адам аттанды, дүниеге көп адам келді. Бір кезде конфискеленген байдың бой жетіп отырған қызының тұсына барып өлең айтқан жас жігіт енді қалтырауық шал болды.

Бірақ ол қылшылдаған жігіт кезінде де қалтырауық еді. Өмір бойы осы кемістіктен азап шегіп келеді. Бозаның бір жорасында әлгі конфискеленген байдың бой жетіп отырған қызының тұсына барып:

Біздің ауыл Бурылдың төрінде отыр

Өзің көрген баяғы жерінде отыр.

Шыныменен көңілің бізде болса

Беу, құдаша, сағат сайын көрін де отыр.

Қарағым-ай!

Қабағың-ай,

Ақ қағаздан аппақ-ай

Тамағың-ай! —

деп шалқыған еді.

Құдаша да құр ауыз емес екен: жеңгесіне қосылып өлеңмен жауап айтты. Сол шумақтың бәрі түгел бақташының есінде қалмапты. Есінде қалғаны соңғы сөзі еді.

...Құдажан, қалтырамай жайыңа жүр...

Жұрт сонда қыран күлкі, мәз-мейрам болып еді-ау. Бақташы кірерге жердің тесігін таппай, боза сүзген тай қара қазанға түсіп кете жаздап еді. Жұбанышты жұрттан таппай, сол бір уыттан іздеп, ісіп-кепкенше іше берді. Жалғыз кемпір шешесі ғана:

— Жұмәлі-ау, Жұмәлі! Құдайдан тілеп алған жалғызым, сенің қолыңды қалтыратып қойған әлгі Сәдірқұл жиен ғой. Кішкентай күнінде асыққа таласып талай ұрып ең. Қолың содан қалтырауық. Оның несіне қапа боласың, — деуші еді марқұм.

Пиджактың қос алақандай көлеңкесі ауытқып, бақташының басына күн түсті. Селдір шашының арасынан шықтай мөлтілдеп шып-шып тер шықты.

— Келіңіз, құдаша, — деді бақташы арақ құйылған қырлы стаканды алға ұсынып, орнынан тізерлеп көтерілген болып. Ебелек түбіндегі кесіртке жалт беруге ыңғайланды. Бақташының көзінің алды кілегейленіп жұмыла беретін болды. Енді бүкіл денесімен ары-бері теңселіп, аят оқыған қариядай боп отырған соң, қолының майда дірілі білінбей де кетті.

— Апыр-ой, құдаша, алмадыңыз ғой!

Құдашада үн жоқ. Құдаша қазір, бұдан қырық жыл бұрынғыдай, құданың бетінен алмайды. «Қалтырауық» деп кемітпейді. Тамағы «ақ қағаздан аппақ» боп, қырын қарап күлімсірейді. Қыпша белі майысып, бұрымының ұшын тарқатып, қайтадан өріп, арқасынан асыра лақтырып тастап, көзінің қиығымен тағы да күлім қағады.

Бақташы қырлы стаканды төңкеріп тастап, бөтелкені сарқып құяды.

— Келіңіз, құдаша!

Сый аяқты бұ жолы кәдімгідей орнынан тұрып барып ұсынбақ болады. Кесірткенің алқымы бүлкілдегенін қоя қояды. Құйрығы жылтың етіп, ебелектің ар жағына өтіп барып, артына бұрылып қарайды.

Кесірткеге бақташы жақтан қауіп төне қойған жоқ. Ол шөкелеп тұрып барып:

— Апыр-ой, құдаша, — деп қайтадан былқ етіп отыра кеткен.

Қауіп басқа жақтан келе жатқан сияқты. Ту сырттан ат тұяғының дүбірін есітіп, кесіртке таяу тұрған бір түп текесақалдың арасына сүңги жөнелді. Колхоздың қарауылы:

— Бұл адам ба, жын ба? — деп біраз тұрды. Одан соң барып, атын шеңгелге байлап, бұқпалап басып бақташының алдына шөкелеп отыра қалды.

— Алыңыз, құдаша, — деді бақташы.

— Келіңіз, құда!

Бақташы көзін бағжаң еткізіп ашып алды. Алдында шыннан адам отырған сияқты. «Қалпақ па, орамал ма? Құдашаға мұрт шығып кеткен бе?»

— Апыр-ой, құдашаның түрі бұл сияқты емес еді ғой, — деді бақташы дауыстап.

Құдашашылын мұның! Әй, құда! Сиыр қайда?

— Е, бәсе, Әбді охранник екенсің ғой. Сиыр... сиыр жусап...

— Бар бол, бар болғыр! Табын тұтас жабылып жүгеріні жайратып жатыр. Жын-шайтаныңмен сөйлесіп сен отырсың. Не жын айналдырды!

Табынның жусап жатқан орнында пырдай болып жас жапалар ғана қалыпты.

Бақташы мастықтан лезде айықты.

* * *

Қарасан келгір! — Бақташы жуан таяқты шиіріп лақтырғанда, ешкібас көк сиыр көзін жұмып тұра қалды. Таяқ тұқыл мүйізге сақ етті. Көк сиыр басын шайқап алып, жүгеріні салдырлата тағы аралап кетті. Аштан өліп бара жатқандай жүгерінің жапырағын жалмап, апандай аузына ілінгенін құлаштай тілімен шалып, ілінбегенін мүйізімен қайырып, жапырып барады. Аттандап Қатша жүр.

— Жайрағыр, Қалтырауық, жайрат менің жаялықтай жүгерімді!

Қыпша бел құдашаның демде бақырауық қисық кемпірге айналып кеткенін бақташы мойындағысы келмейді.

«Әй, Қатша, тілің о баста-ақ ащы еді-ау. Бәрі өзгерді, бірақ тілің сол баяғы удай күйі».

— Қарасан, иттің малы!

Бақташының кемпірі Жұпар колхоздың қарауылы Әбдінің айтқан сөзіне сенер-сенбесін білмей, ернін сылп еткізіп, жер қозғалса қозғалмай, есіктің алдында тұр.

— О, шойлы, айақ ішетін қу әдетті қайдан шығайған?! Айақ шенің не теңің?! Құдашашылын, шойлының! Құдашаңмен қатып қалғый!

Жұмәлі бақташы сиырларды жүгеріден әрең айдап шығып, колхоздың көшесін шандата қуып келе жатқанда, оған шаңның арасынан «тамағы ақ қағаздан аппақ» құдашасы тағы елес берді.


0 Пікір Кіру