Жұматайдың Ләйләсі - на weekend.bugin.kz
Болат Жансая - на weekend.bugin.kz Болат Жансая

"Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана"

Бұл — Ләйлә!

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың мәңгілік музасына айналған періштесі. Қолы жетпеген асқақ махаббаты. Ақын сұлуды ғұмырында үш-ақ рет қана көрген екен.
Жұматай "Ләйлә" арқылы поэзияға жаңа леп әкелді деуге негіз бар. Ақын Есенқұл Жақыпбеков естелігінде Жұматай Жақыпбаев хақында былай дейді: "Өлең үшін ғана өмір сүріп, өлең үшін өліп кеткен бір ақынды көзім көрді. Ол – Жұматай Жақыпбаев! Ғашық жүрегінің ғазалдарын ғана жазып өтті Жұма-ағаң. Басқа нәрсеге бас ауыртқан жоқ. Және там-тұмдап, дәмдеп қана жазды. Дәндеп жазған жоқ. Өзін-өзі көрсетуге асыққан жоқ. Сонымен өзін-өзі сыйлата білді. Ал, қазіргілер өзін-өзі сыйлату үшін түрлі пендешілікке барып жүр"
Ендеше Жұматай Жақыпбаевтың Ләйләға арнаған өлеңдерін оқиық:

Ешкімге мұндай мінез берілмеген,
Күнім ең көптен бері көрінбеген.
Ойымда ештеме жоқ, домбыра ойнап
Жатыр ем нағашымның төрінде мен.
Үстіне артылған соң дара білек,
Шанақта бір оқшау күй барады үдеп.
Төр. Бөлме.
Бір кезде әжем кірді
Бесінім қаза болып барады деп.
Мұратқа соныменен жетті ме екен,
Бір тілде күбірлеп ап кетті бөтен.
Селк еттім. Не деп кетті?
Сөйтсем әжем:
"Ләйлә, илло-алла"… деп тұр екен.
Онсыз да жойылса да саны аз күнә
Сүреге ұии қалды сабаз мына.
…Өлең не? Ішінде атың бар болған соң,
Оқығым келіп кетті намазды да.

******

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ, 
Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап, 
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен, 
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.
Қарадың солай, қарадың солай, обал не, 
Қарамадың ба, жоқ әлде?
Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай, содан көп... 
Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп, 
Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа, 
Батырлығым басыма пәле болар деп.
Ойладым солай, ойладым солай, обал не, 
Қате ойладым ба, жоқ әлде?
Қуаныштан күліп, ойым бар шалқып билемек,
Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.
Қара шашты бала ақын болып тұр екем, 
Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.
Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім, обал не, 
Болмайын ба, жоқ әлде?

******

Тынып ем, тұнайын деп тыныппын ғой, 
Сен мені көрмеген соң ұмыттың ғой. 
Жанымда мұң бар еді мың бәлелі, 
Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой.
Мен қазір көз салмаймын айналаға,
Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана. 
Елден ерек бұл не бұл? 
Тәкаппар ұл 
Көп ойлап, қиялиға айнала ма? 
Бұл мінез ұят болды. Ұят болса, 
Мен енді қашайын ба айдалаға?

Бозбала ақын қай жөнді ес білемін, 
Бір арман көкейімді тесті менің! 
Көрінгеннен сұрадым – көрінбедің, 
Эфирлерден жыладым – естімедің.

*****

Айыбым болса, кеше жүр,
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл,
Жындантып неше қаланы.
Траптан түссең алға аттап,
Тәкаппар, асқақ түрменен.
Қалың ел сені ардақтап,
Қарсы алса деп ем гүлменен.
Дүние діні, тілі көп,
Дүрліге жылда той қамдап.
Ләйләның туған күні деп,
Ләйлісе деп ем мейрамдап.
Жетпеспін сонау арманға,
Жеткенмен менде құдірет.
Ақынның тілін алған ба,
Ақымақ әлем бір рет?!

*****

Кермиығым, мен сені кеш аңсадым,
Қаншама рет тоқтады десеңші әнім,
Ен дәулеттен айырылған сияқтанам,
Еске түссе ессіз күн, есер шағым.
Жұтқызбаған жұпарын жалғыз едің,
Жалбыз едің, жанымның жалғызы едің.
Кербез күшпен келдің де, билеп алдың
Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін.
Бейнең сенің өңге бір, түсте бір кеп,
Диуаналық жолдарға түскемін көп.
Таусылған соң амалым, тұрам ылғи,
Тағы да бір қиғылық істегім кеп.
Іздегенім сен болсаң,таптым қайғы,
Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.
Қисық, қыңыр болса да мен жүрген жол,
Бақыт үшін күреске таптырмайды

0 Пікір Кіру