Кеңес дәуірінде жоғары дәрежелі "генерал" шенін иеленген тұңғыш қазақ - на weekend.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на weekend.bugin.kz Қаракөз Амантай

Аңыз адам

Сабыр Омарұлы Рақымов 1902 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылында дүниеге келіп, 1945 жылы 26 наурызда қайтыс болған. Әскери қайраткер, генерал-майор, Кеңес Одағының Батырының сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген.

Сабырдың балалық шағы кедейшiлiкте өттi. Әкесi Омар 1907 жылы қайтыс болған. Сауаты жоқ анасы, өзбек қызы Бахрайм Өзбекстан астанасы Ташкентке ұлы мен қызын асырау үшiн алып кетіп, кез келген жұмысты iстеп, қиындық көреді. 1915 жылы қарындасы қайтыс болады. 13 жасар Сабыр жергiлiктi байдың малын бағып күн көрдi. 1917 жылы шешесi қайтыс болады да ол балалар үйiне қабылданады. Директоры татар азаматы Ш. Хасанов едi. Осы жерде оның қызы Әминамен кездеседi. Өмiрбаяндық құжаттарда Сабыр әйелiн Магра деп атапты: «Жұбайы – Рахымова Магра. Генералдың жеке iс-қағаздарында тек қана осы бiр әйел ғана жазылған. 

Сабыр Рақымов 1922 жылы әскер қатарына шақырылған. Сабыр мектепте озат оқып, Бакудегi әскери училищенi үздiк бiтiредi. Курсант кезiнде-ақ бөлiмше командирi, взвод командирiнiң көмекшiсi болып, қолдан құйылған тұлпар мүсiнмен марапатталады. Училищенi бiтiрiсiмен, Азиядағы басмашыларға қарсы күреске әскери құрама командирi болып аттанады. Үш рет жарақаттанса да майдан шебiнен кетпейдi. Сауыға салысымен әскери құрамасын басқарып, жауды ығыстыра бередi. Ерлiгi үшiн өз аты бедерленген алмас қылыш және жауынгерлiк «Қызыл Ту» орденiмен марапатталады.

1925 — 1927 жылдары Орта Азияда (Қарақұмда) Кеңес өкіметіне қарсы шыққандармен қарсы күрестегі ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет етті. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін екінші рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді. Академияны бітірген соң Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 Қызыл Ту, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Рақымов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Суворов орден-медальдармен марапатталған. Ол жөнінде “Генерал Рахимов” атты көркем фильм түсірілді. Өзбекстандағы ауылдар, мектептер, Ташкенттің бір ауданы, көшесі, метро бекеті, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылындағы орта мектеп Рахимов есімімен аталады. Ташкент қаласында Рахимовқа ескерткіш орнатылған. Польша Республикасының бір траулері генерал Рахимов есімімен аталады. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Тәуке хан көшесінің бойында Жеңіс саябағында ескерткіші орнатылған.

Сабыр Рақымов гитлершiл фашистерге қарсы жүргiзiлген соғыста «Темiр генерал» атаныпты. Ол заманының дара тұлғаларының бiрi, аңыз адам. Өзбек ағайындар арасында генерал Сабыр Рақымов туралы нешетүрлi әңгімелер айтылады. Оның ажалдың аузында жүрiп, «Шөженi күзде санайды» деп айтқаны өзбек халқының қанатты сөзiне айналып кеткен.

1 Пікір Кіру
  • Алмагул 11 Қаңтар, 2019

    Осыдан бірнеше жыл бұрын Ташкенттегі бекеттен бұл кісінің есімін алып тастап еді ғой. Кеңес одағының қалдықтары деген сылтаумен басқа есім береміз деп. Сол жаңалықты Қазақстан Ұлттық арнасының жаңалығынан көргенмін. Кезінде Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал- өзбек Сабор деп, Одақ тараған соң қазақ деп шығып еді ғой өзбек ағайын...